«Тұран» ансамбілі мүшелері бала күнгі армандарымен бөлісті
Бұл күнде қазақ сахнасындағы жұлдыздардың саны да көп, сапасы да салмақты. Әр жанрда мақтанышпен айта алатын күміс көмейіміз, жаңа толқынды игере білген жез таңдай бұлбұлдарымыз жетерлік.
2008 жылы іргетасы қаланған "Тұран" ансамблі 70 елде ұлтымыздың төл өнерін сахналаған. Тек халық әндері мен күйлерімен қоса, өз туындыларын орындайды. Өнерпаздардың басты мақсаты тыңдарманды тек әуезді музыкамен сусындатып қоймай, батыстан келген тың мәдениеттің біздің төл өнерімізге кері әсерін тигізбеу жолында ат салысу. Сонымен қатар, топтың әрбір мүшесі 7-8 аспапта еркін ойнайды.
Жақында ансамбль мүшелері Астана қаласындағы Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ Гуманитарлық Заң университетіне арнайы шақыртумен келіп, студенттерге өнер көрсеткен болатын. Сазды әуен тыңдап, рухани демалыс алған тәлім алушылар кішігірім концерт соңында ұзақ қол соғумен болды. Жарыса суретке түскен студенттерден кейін кезек алып, қысқа сұхбатқа рұқсат сұраған едік.
Сондағы көкейдегі жалғыз сұрақ мынау болды:
Осы киелі өнерді арқалап келе жатқан ансамбль мүшелері әртүрлі жас өкілдері болғанына қарамастан, тыңдарманға музыканың құдіретін паш етіп келеді. Ойлап көрейікші, егер осы жандар мойынына қасиетті таланттың жүгін жүктемей, балалық армандары орындалған болса, осы күні қандай азамат болар еді?
«Бала күнгі алғашқы арманыңыз қандай болды? Өскенде кім болғыңыз келді?» деген сұрақтар ансабль мүшелеріне қойылған болатын. Топ ішіндегі Қорқыт атамыздың аспабын қолына ілген Мақсат Медеубек ағамыз былай деп жауап берді:
- Жасымнан тыңдап өскенім домбыраның сазы еді. Оған себеп әкемнің осы өнердің адамы болуы еді. Кішкентайымнан күй тыңдап,жыр тыңдап өскендіктен жүрегім осы бағытқа жақындай түсті деп ойлаймын. Бала күнгі арманым өмірімнің бағыты болды деген осы.
Бұл сауалға келесі болып жауап берген қос ішекті домбыраның иегері Бауыржан Бекмұхамбетов :
- Кішкентайымнан халыққа жақын болсам керек, өрт сөндіруші болуды армандаппын. Әр кішкентай қиял иесі қаһарман болып,елін қорғап қалуды арман етпей ме? Мен де солардың бірі болдым -деп қысқа ғана қайырды.
Топ ішіндегі сызылта сыбызғыны да тартатын,үрмелі аспаптарды да ойнайтын Серік Нұрмолдаев ағамыздың арманы мынадай екен:
- Саяхатшы болуды армандадым. Ел көру,жер көру қатты ұнайтын. Білесіз бе, мен арманына жеткен адаммын. Қазіргі Алла берген өнердің арқасында жетпіс елде болдым. Жетпіс елге осы ұлттық өнерді тыңдаттық. Арманға жеткенде де еселеп жеттім деп айта аламын.
Ансамбль ішіндегі жас та болса өнерлі, тарихы мол жетіген аспабының шебері Ержігіт Алиев былай деді:
- Маған жасымнан көліктер өте қызық болды. Жол үстінде зуылдап темір тұлпар жүргізу менің тәтті қиялыма айналған. Содан болар, мен жол полициясы болуды армандаппын. Әрі полиция ,әрі әрдайым жолда жүру мен үшін үлкен бақыт сияқты болатын. Алайда қазіргі осы өнер жолым дұрыс таңдау болды деп сеніммен айта аламын.
Сауалымызға жауап берген тағы бір өнерлі жан Жанту Дадабаев болды. Көмей аспаптарының хас шеберінің арманы мынадай екен:
- Маған доп тепкен ұнайтын. Ала доптың артынан жүгіріп, үздігі атану арманым болды. Әлемдік танымал футбол командаларына жанкүйер едім. Армансыз адам болмайды ғой. Балалық арманым хоббиіме айналып, қазір бар өнерімді осы сахнада шыңдауға бекідім.
Иә, әр адам баласы жасында қиялына ерік беріп әр шыңды бағындырғысы келетіні сөзсіз. Алайда өсіп, санасы жетіліп, қайраты тасыған тұста шын мәнінде өз еліне пайдасы тиетін азамат болса, бұл ұлтымызға тигізер ең үлкен бақыт емес пе? Олай болса, ұрпаққа өнеге, ұлтына бақыт сыйлап жүрген Тұран ансамбіліне сәттілік пен табыс тілей отыра кішігірім сұхбат үшін алғыс айтамыз.
Авторы: Жайна ТҰРАРБЕК