Жаңалықтар

Қайрат Қожамжаров «Кто убийца?» атты кітап шығарды

Қайрат Қожамжаров «Кто убийца?» атты кітап шығарды

Бұрынғы бас прокурор, экс сенатор Қайрат Қожамжаровтың «Кто убийца?» атты тырнақ алды туындысы жарыққа шықты. Бұл туралы журналист Дана Нұржігіт  әлеуметтік желіде жазды,-деп хабарлайды Kazface.kz.

 

Журналист өзінің инстаграм парақшасында Қайрат Қожамжаровтың жарыққа шыққан кітабының таныстырылымы жайлы жазды. Өз жазбасында бұрынғы әріптесі оның детективті туындысына пікірін білдіруін сұрағанын айтты. Автор бұл кітапта тоқсаныншы жылдары  өзі тергеген қылмыстық істер туралы жазған.

 

Еске салсақ, Қожамжаров  қаржы полициясын басқарған. Қазақстанның бас прокуроры, Ақмола облысының әкімі қызметтерін атқарды. Президент Тоқаев өкілеттігін тоқтатқанша, өткен жылғы 24 қаңтарға дейін сенат депутаты болды. Оны бұл орынға Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы тағайындаған. Бас прокурор қызметін атқарған кезде көптеген резонансты істер негізсіз, ойдан шығарылған деп танылған. Кейін оның қарамағында істеген қызметкерлердің үстінен қылмыстық істер қозғалып, қамауға алынған.

 

Кезінде Қожамжаровтың артынан  «Қорғас ісінен» пайда көргендердің  бірі деген сөз ерген. Бірақ бұл факті іс жүзінде дәлелденбеген. Десе де, экс депутат бұл сұраққа нақты жауап беруден жалтарып келеді. Кітап авторы көпті қызықтырған сұрақтарға осы шығармасында жауап жазды ма екен …