Зерттеулер

Профессор Айдарбеков Ғылым және Жоғары білім министрлігі бұрмалаушылық пен жалғандық жасады деп айыптайды

Профессор Айдарбеков Ғылым және Жоғары білім министрлігі бұрмалаушылық пен жалғандық жасады деп айыптайды

 

Жадыра МАЖИБАЕВА

Оның айтуынша «Үздік ЖОО оқытушысы – 2022» байқауы әділетсіз болды, мықты оқытушылар байқаудан өтпей қалған. 

«Мен бұл байқау әділетсіз өткенін батыл түрде айта аламын. Министрлік бұрынғы жылдардағыдай орынды сатып, бөлінген қаржыны (айтарлықтай көп) дұрыс бағытта жұмсамаған. Жалпы байқау өткізу жүйесі дұрыс емес, - деп өз ойын профессор Зейнабіл Айдарбеков Facebook парақшасында ашық жазды. 

Жыл сайын ұйымдастырылатын аталған байқау екі кезеңнен тұрады. Алдымен жоғарғы оқу орны ішінде, кейін республикалық деңгейде өтеді. Биылғы жылдың ерекшелігі "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" байқауына қатысу үшін өтінімдер мен құжаттар universitycontest.iac.kz ақпараттық жүйесі арқылы электрондық форматта қабылданды, әрі байқау соңына дейін барлығы ашық түрде жүйеде көрсетілуі керек болатын. Бірақ профессордың айтуынша жинаған ұпайлары тосыннан азайып, аппеляцияға берген сұранысы жауапсыз қалған. 

Мен 9 қараша құжаттар тапсырудың соңғы күнінде барлық құжаттарды жүктей алдым, өз кафедрам атынан алғаш рет осындай конкурсқа қатысып, 64 балл жинадым. Бірақ сарапшылар менің 10 баллымды себепсіз шегеріп салды, менің 1-ші апелляциямнан кейін 59 балл қылып қалдырды. Бұдан әрі желтоқсан айында министрліктің сарапшылары 23 балл қояды да тағы ұпай сандарымды азайтады. 

Мен қайта апелляцияға бердім және құжаттарды тіркедім, бірақ ол 5 қаңтарға дейін ұзартылғанын, оған дейін қаралмайтынын жеткізді. Сонда сарапшылардың арифметикадан нашар болғаны ма? Тіпті, егер олар бәрін нөлге түсірсе де, ұпай саным 38 баллмен аяқталмайтын ба еді? Аппеляция шағымдарын толық қарамай, қалай байқау нәтижесін шығарды? - деп күйінеді профессор.

Сонымен қоса, профессор байқаудың өтуіне ғана емес, жалпы министрліктің көрнекті ғалымдардың еңбегін бағаламайтынын да тілге тиек етті.

Байқау ешқандай да ашық өтпеді. 82 жылдық тарихы бар біздің университеттен екінші кезеңге 3 оқытушы өтіп, ешқайсысы орын алмады. Барлығы тәжірибелі, ғылымға өз үлестерін қосқан оқытушылар. Байқауды қойып, министрлік біздің профессорларымызды мүлдем елеп-ескермейді. Олар университетте қаншама жыл қызмет етіп, жаңалықтар ашып, еңбек жазса да бірде бір мемлекеттік награда алмай өткен қаншама профессорларымыз бар. Атап айтсам Бөлекбаев Сағади Байұзақұлы, Дүйсенов Мұрат Сенғалиұлы және т.б. сияқты көрнекті тұлғалар, - деп жазды.

Зейнабіл Айдарбековтың бұл жазбасы Facebook-те кең таралып, әлеуметтік желі қолданушылары арасында қолдау тапты. Жалпы елімізде білім саласы ақсаңдап жатқаны және министрліктің тағы басқа шикіліктерін барлығы ашына жаза бастады.

Бұл жайт министрлікке дейін жетіп, министрлік өкілі жазба астына барлығы мұқият қаралып, тиісті ресми жауап берілетінін жазған.

Алдағы уақытта Ғылым және Жоғары білім министрі - Саясат Нұрбек бұл келеңсіздікті шешіп, ресми ақпарат береді деп сенеміз.