Қытайлықтар қазақстандық блогерді жауапқа тартуды талап етуде

Қытайдың әлеуметтік желілері мен БАҚ-та қазақстандық блогер Аружан Айбекованың әрекеті қызу талқылануда. Жергілікті тұрғындар оны Қытайда заң бұзды деп айыптап, билікке шағымданған, деп хабарлайды KazFace.kz.
Sohu.com сайтының жазуынша, Айбекова Қытайда «ұрлық жоқ» деген пікірге сенбей, сауда орталығында пранк ұйымдастырған. Ол серіктесінің қалтасынан телефонын алып, қасақана қытай азаматтарының қолына ұстатқан. Кейін телефоны ұрланды деп, сол адамдарды айыптаған.
Бұдан бөлек, ол Гуанчжоу көшелері мен метро станцияларында бейтаныс ер адамдарға қол тигізіп, түсініксіз әрекеттер жасаған.
Қытайлық порталдар мұндай қылықтарды қоғамдық тәртіпті бұзу және арандатушылық деп бағалап отыр. Елдің заңдары жала жабу, жалған айып тағу және азаматтарды рұқсатсыз видеоға түсіріп тарату үшін жауапкершілік қарастырады.
163.com сайты Гуанчжоу полициясы оқиғаға байланысты тексеріс бастағанын хабарлады. Заңгерлердің пікірінше, блогерді айыппұл, қамау немесе елден шығаруға дейінгі шаралар күтіп тұр.
Бұл оқиға Қытай қоғамында үлкен резонанс туғызып, мәдени қарым-қатынаста өзара құрметтің маңызын көрсетті.