Жаңалықтар

Маңғыстауда «Ақ Мая Fest» шұбат фестивалі өтті

Маңғыстауда  «Ақ Мая Fest» шұбат  фестивалі өтті

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Маңғыстау облысында ерекше шара – шұбат фестивалі өтті.  Айрақты тауының баурайында өткен мерекеге 15 мыңға жуық адам жиналды. Олардың арасында Ресей, Франция, Қырғызстан, Англия және Еуропаның бірнеше елінен келген туристер болды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Қонақтарға 6 мың литр шұбат ұсынылды. Шараның басты мақсаты – қазақтың ұлттық сусынын дәріптеу. Арнайы жабдықталған «Ақ мая Lounge» және «Shubat Bar» аймақтарында қонақтар шұбаттың түрлі дәмін татып көрді. Классикалық сусыннан бөлек, жидек, жалбыз қосылған және мұзбен ұсынылған түрлері де дайындалды. Сондай-ақ шұбат негізінде әзірленген ерекше коктейльдер – «Shubat Mojito», «Desert Breeze», «White Steppe» келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Фестиваль қонақтары «Ақ мая Lab» аймағында шұбаттың дайындалу барысын өз көздерімен көріп, шағын шеберлік сағаттарына қатысты. Мұнда сусынның жасалу тәсілдері, қолданылатын құралдар және оның денсаулыққа пайдасы туралы жан-жақты мағлұмат берілді.

Ал «Steppe Games» алаңында асық ату, садақ ату және кір тасын көтеру секілді ұлттық ойындардан қызықты сайыстар өтті. «Art-Yurta» мен «Shubat Talks» аймақтарында лекциялар, стендаптар мен пайдалы шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Мұнда мәдениет, дәстүр, денсаулық пен дұрыс тамақтану тақырыптары қозғалды. Шараға жергілікті шұбат өндіруші шаруалар да шақырылып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Фестивальдің ең әсерлі сәті – дрон-шоу болды. Аспанға бір мезетте 300-ден астам дрон көтеріліп, Қазақстан туы, Маңғыстаудың әсем көріністері, «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» логотипі және ұлттық өрнектер бейнеленді.

Мереке соңында жүзге жуық ерікті мен қала тұрғындары аумақты қоқыстан тазартып, қоршаған ортаға деген құрметті көрсетті.