Ең үздік топ-5 журналист
Жуырда "Арқалағаны алтын, жегені жантақ" журналистер қауымы кәсіби мерекелерін атап өтті. Осыған орай, KazFace.kz ұжымы әлеуметтік желіде топ-5 үздік журналистерді таңдауға сауалнама жүргізген болатын.
Нәтижесінде желі қолданушыларының таңдауы бойынша 5-ші орынға Ақбөпе Тәңірберген тұрақталды. Ол жас та болса да, "Әкім" бағдарламасы арқылы көрермен ықыласына бөленген. Қазір Еуразия бірінші арнасында қызмет істейді.
Төртінші орыннан Гүлбану Әниятқызы көрінді. Республикалық телеарналарда талай жылдық тәжірибесі бар тележурналист.
Үздік үштікке кірген "Азаттық радиосының" тілшісі Асылхан Мамашұлы. Саясат және қоғамдағы өткір тақырыптар туралы жазады.
Екінші орынға лайықты деп Гүлмира Әбіқай таңдалды. Ол "Дау- дамайсыз" бағдарламасы арқылы түрлі әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүр. Еске сала кетейік, Гүлмира KazFace.kz-тің алдыңғы сауалнамасы Қазақстанның топ-10 үздік әйелдері арасында топ жарған болатын.
Ал, топ-5 үздік журналистер көшін бастап тұрған, желі қолданушыларының көп дауысын жинаған Қасым Аманжол. Ол "Шынның жүзі", "Пікір алаңы" сияқты бағдарламалар арқылы халыққа тележурналист ретінде танылған. Қазақстан Журналистер одағы мен "Серпер" Жастар одағы сыйлығының иегері.
Осылайша 200-ге жуық пікір қалдырған оқырмандар арасынан үздік деп 5 қазақ тілді журналист таңдалды. Бұл басқа да әріптестеріміздің еңбегін жоққа шығару, не болмаса олардың беделін түсіру емес. Бұл белгілі бір топ оқырмандардың таңдауы.
Елімізде қоғамдық ахуалды айқындап, тынбай еңбек етіп, сан-түрлі салалар бойынша тың тақырыптарды көтеріп жүрген журналистер қатары көп және олардың еңбегі ұшан-теңіз.
Құрметті журналистер!
Қаламдарыңыз мұқалмай, жаңалықтың жаршысы болып, халықтың рухани байлығын арттыру бағытындағы еңбектеріңіз еселене берсін!