Бердібек Сапарбаев неге "элиталы зиратқа" жерленбеді?
Жадыра МАЖИБАЕВА
11 маусымда мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты Алматыда соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бердібек Машбекұлымен қоштасуға Әлихан Смайылов бастаған көптеген еліміздің саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті.
Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып, өз кезегінде Бердібек Сапарбаевты Қазақстандағы жалғыз 5 облысты басқарған әкімдердің ағасы деп атап өтті.
Бердібек Машбекұлы өзінің еңбегімен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Қай қызметте болсын, халық мүддесіне бар күш-жігерін жұмсап еңбек етті. Оны Қазақстандағы әкімдердің ағасы деуге де болады. Бердібек Машбекұлының ерен еңбегі мен жарқын бейнесі халық есінде мәңгі сақталады, – деді Әлихан Смайылов.
Саяси қызметтерде жүрген кезінде Бердібек Сапарбаев республиканың бірқатар өңірін басқарды – Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімі болды. Сонымен қатар екі рет еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалған. Ол "Құрмет", "Парасат" ордендерімен, мемлекеттің атаулы күндеріне арналған түрлі медальдарымен марапатталған.
Десе де, еңбек жолында осынша марапатқа ие болып, мемлекет дамуына өзіндік үлес қосқан қоғам қайраткері Сапарбаевтың сүйегі Ұлттық пантеонға емес, Кеңсай зиратына жерленеді екен. Не себепті "элиталы зиратқа" жерленбейтіні қоғамда қызу талқыға түсуде. Халық сонау 2013 жылы зиялылар үшін салынған ұлттық пантеонның қазір керегі жоқ деп санайды. Себебі, соңғы жылдары бұл зиратқа бірен-саран ғана жерлене бастаған. Ал бюджеттен болса, пантеонды ұстауға қомақты қаражат жыл сайын бөлінеді.
Еске сала кетейік, пантеон мемлекеттің, ғылымның, мәдениеттің аса көрнекті қайраткерлерінің, сондай-ақ Қазақстанның дамуына үлес қосқан тұлғалардың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында негізі қаланып, мемориалдық маңызы бар сәулет объектісі болып табылады. Ашық дерек көздеріне сүйенетін болсақ, оның құрылысына бюджеттен 950 миллион теңге жұмсалған.