Сұхбат KazFace.kz

Кітаппен дос бол балақай!

Кітаппен дос бол балақай!

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Құрметті оқырман, біздің сайттың тілшісі кітапхана саласында жиырма жылдан астам уақыт қызмет істеп келе жатқан Сандуғаш Жанәбілқызымен танысып, сұқбат алды. Ол өткен жылдың «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері. Қазіргі таңда Көкшетаудағы «Bolashaq Saraiy» да кітапхана меңгерушісі болып жұмыс істейді. Балаларға арналған заманауи әрі кітап сөресі толы кітапханада балаларды кітап оқуға ынталандырып, түрлі қызықты іс шаралар өткізуде екен.

Сандуғаш Жанәбілқызы, сәлеметсіз бе! Кітапханашы мамандығын қалай таңдадыңыз?

Мен мұғалім әрі кітапханашы болуды бала кезден армандайтынмын. Туып өскен жерім Үкілі-Ыбырай ауылында ауылдық кітапханамыз болатын. Сол кітапханада сыныптасым Гүлімжанның анасы кітапханашы болатын. Біз бір күні кітапханашы рөлінде ойнадық. Мен кітапханашы ал қалғандары оқырмандар рөлінде. Формулярмен жұмыс жасап фондтан  кітап іздеген қатты ұнайтын. Сол кезде мен айтатынмын "өскен кезде кітапханашы боламын", деп.

Менің еңбек жолым 2003 жылы Тайынша ауданы, Келлеровка ауылдық кітапханасында басталды. Кітапханамыз үлкен 4 кітапханашы жұмыс істедік. Еңбек жолында көптеген жетістіктерге қол жеткіздім деуге болады. "Жас қырандар", " Современница" клубының жетекшісі болдым. Көптеген оқушыларым аудан. облыс көлемінде байқауларға қатысып 1.2.3 орын иеленді. Өзімде ауыл, аудан  әкімдерінің алғыс хаттарыммен марапатталдым. 2020 жылы " Қазақстандық Кітапханалық Одақ" Заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Б. Оспанованың "Кітапхана ісінің үздігі" төс белгісімен марапатталдым. 2023 жылы 1 желтоқсан күні Астана қаласында "Рухани Қазына - 2023" фестивалінде ҚР мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Мәдениет саласының үздігі" тө сбелгісімен марапаттады. Қазіргі таңда Көкшетау қаласы "Bolashaq Saraiy" да кітапхана меңгерушісі болып жұмыс жасаудамын.

Балалар арасында ең танымал кітаптар немесе авторларды атай аласыз ба?

Балалар арасында ең танымал  Марк Твен "Том сойердің басынан кешкендері", Жюль Верн  "Он бес жасар капитан", Толкин, Джон Рональд Руэл "Сақиналар әміршісі", Ыбырай Алтынсарин "Алтын -Айдар", Өтепберген Ақыпбекұлы "Керек кітап", Ескен Елубаев "Төрт түлік сөздігі", Джек Лондон "Белый клык",  Жюль Верн "Дети капитана Гранта", Холли Вебб "Мейзи Хитчинс", Эсра Авгерен "Детектив шытырманы", Гарриет Манкастер " Вечеринка на облаке", " Лунное шоу", "Путешествие по звездам", "Танец звездочки", Мұзафар Әлімбаев " Ертегілер", Ахмет Байтұрсынов " Мысалдар" деп атар едім.

Сіз балаларға арнап қандай іс-шаралар немесе бағдарламалар өткізесіз?

Мен балалармен осындай жүмыс түрлерің өткіземін. Олар: ашық әдебиет көрмелері,кітап шолулары, әңгіме, конкурстар,ертеңгіліктер, әдеби кештер, дөңгелек үстелдер, тәрбие сағаттарын, танымдық кештер, интеллектуальдық ойындар , викториналық - шоу, поэзиялық сағат, библио - кафе, дауыстап оқу, акция т.б.

Балалардың оқуға деген қызығушылығын қалай сақтайсыз?

Көптеген ата-аналардың бала тәрбиесіндегі басты сұрақтарының бірі – «Балалардың оқуға қызығушылығын қалай арттыруға болады?». Әсіресе, смартфондар мен планшетті қолдарынан тастамай ойнайтын бүгінгі балалардың оқуға қызығушылықтары еш оянбайтындай көрінеді. Мұндайда не істеуге болады?

Баланың кітап оқығысы келмей тұрса, оны күштеп оқытуға болмайды. Бұдан бала кітапты жек көріп кетеді. Оның орнына балаға қызықты кітаптың (ертегінің) бір абзацын, мүмкін болса, ондағы басты кейіпкердің сөзін немесе оған берілген мінездемені дауыстап оқуын өтінеміз. Оқып болған соң баланы мақтап қоямыз. Әдетте, балалардың ойында әр күннің соңғы оқиғалары жақсы сақталады. Ұйықтар алдында да олардың көпшілігі дәл сол оқиғалар жайында ойланып жатады. Егер балаға оқыған ертегісі ұнаса, оның басты кейіпкерін өзім деп елестетіп, оқиғаның жалғасын білуге қызығушылығын арттырамыз.

Соңғы жылдары балалар оқуында қандай өзгерістерді байқадыңыз?

Соңғы жылдары балалардың кітап оқуға деген құштарлығы артып келе жатқаны бізді қуантады. Қазір оқырман талғамы өзгерді. Балалар фэнтези, комикс жанрын, балалар детективтері мен қорқынышты әңгімелерді ұнатады. Дегенмен классикалық әдебиетке де сұраныс жоғары. Келушілер Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» іздеп жүріп оқиды. Соңғы 5 жылда елімізде кітап оқуға деген қызығушылық артып келеді.

Балалардың оқуын ынталандыру үшін ата-аналарға қандай кеңестер берер едіңіз?

Балалардың оқуын ынталандыру үшін ата-аналарға осындай кеңестер берер едім. Балаңызбен бірге кітапханаға жиі келіп отырыңыз. Үйде балаңызды жаныңызға отырғызып, дауыстап кітап оқуды бастаңыз. 

Ең қызық жеріне келгенде оны жалғастырудан бас тартыңыз. Үйдегілермен алдын-ала келісіп, ешкімнің жалғасытырып оқып бермеуін өтініңіз. Алайда баланы жалғыз қалдырып, кетіп қалудың қажеті жоқ. Мұндайда анасына өкпелеген бала кітапты лақтырып тастап, басқа істерімен кетіп қалуы да мүмкін. Сондықтан жанында болыңыз. Оқиғаның аяғы немен бітетіні сізге де қызық екенін айтып, кезекпен оқуға келістіріңіз. 

Балаңызға оқып берген кітап кейіпкерлерінің сөздерін үнемі тұрмыста қолдана жүріңіз.

Балаңыздың да сізге солай жауап қатуын қадағалаңыз. Ертегі кейіпкерлеріше түрлі эмоциямен сөйлеп, дауыс ырғағына мән беріңіз, тіпті қозғалысыңызды да соларша икемдеңіз. Бұл балаңыз үшін қызық болады. Осылайша оның ертегі кейіпкерлеріне, кітапқа деген қызығушылығы артады. Егер балаңыз кітап оқудан бас тартып жатса, оған кітапты өзінің жазуын өтініңіз. Қолына дәптер мен қалам беріп, өз оқиғасын, өз қызықтарын жазуды ұсыныңыз. Әр ертегінің қиял-ғажайыпқа толы оқиғалары, бақытты соңы болатыны жайында айтыңыз. Ол оқиғаларды балаңыздың өзі ойлап табуына болатынын айтып қызықтырыңыз. Ал өзіңіз сол ертегінің кейіпкерлерін бейнелеуге көмектесіңіз. Дәптеріне олардың түр-келбетін салып беріп, балаңызға боятыңыз.

Балаңызға кітап таңдағанда оның неге қызығатынын ескеріңіз.

Мүмкін, ол ертегі тыңдағанды ұнатар немесе жан-жануарлар әлеміне қызығар. Осыларды ескере отырып, бояуы қанық, суреттері «сөйлейтін» кітаптар таңдаңыз. Баланың ең алдымен суреттерге мән беретінін ұмытпаңыз. Олар бірінші кезекте кітаптың суреттерін қарап, парақтап шығады.  Балалардың, әдетте, сұрақтары бітпейді. «Анау не?», «Күн неге сары?», «Тауық неге қытқылдайды?», т.б деген аяғы жоқ сансыз сұрақтың жауабын кітаптан іздеуді әдетке айналдырыңыз.   Кітап – білімнің негізі екенін осылай оның миына сіңіре аласыз. Сонда балаңыз да кітаптан артық білім, кітаптан артық дос жоқ екенін түсінеді. Үйде отбасыңызбен кітап оқуды әдетке айналдырыңыз дегім келеді.

Сандуғаш Жанәбілқызы көптен көп рахмет! Айтқан кеңестеріңіз бен ақпаратыңыз біздің оқырманға пайдалы болады деген сенімдеміз.