Баян Алагөзова Орманбаеваны сотта жеңді
Белгілі продюсер Баян Алагөзова өзі туралы жалған ақпарат жасаған аты шулы блогер Дана Орманбаеваға қатысты сотта жеңіске жетті, деп хабарлайды Kazface.kz.
Алматы сотының хабарлауынша, 4,5 миллион оқырманы бар қазақстандық продюсер Баян Алагөзова Бостандық аудандық сотына ар-намысын, қадір-қасиетін, іскерлік беделін қорғауды және блогердің Instagram және Telegram желісіндегі жеке парақшасында тараған ақпаратты жоққа шығаруды талап етіп, талап арызбен жүгінді. Сонымен қатар соттан моральдық шығын 2 миллион теңге өндіруді сұрады.
"Орманбаева өз жарияланымдарындағы ақпарат шындыққа сәйкес келетінін айтып, өзіне тағылған айыпты мойындамады. Бірінші сатыдағы сот құрылып, сот отырысы барысында тараптар жауапкердің әлеуметтік желілерде жоғарыда аталған ақпараттарды таратқанын дауламады", – делінген сот хабарламасында.
Нәтижесінде сот талап арызды ішінара ғана қанағаттандырды. Сот Орманбаеваны өзі жариялаған ақпаратты жоққа шығаруды, сонымен қатар моральдық шығын ретінде Баян Мақсатқызына 500 мың теңге төлеуге міндеттеді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салатын болсақ, продюсер Дана Орманбаеваны өзіне балағат сөздер айтып, қорлағаны үшін сотқа берген еді. Осылайша абыройы мен қадiр-қасиетiне, іскерлік беделіне нұқсан келгенін атап өтті.
“Айыпталушы маған ғана емес, менің достарыма, күйеуіме, балама да тіл тигізді”, деген еді Алагөзова.