Оқулық авторларының қателігін 2-сынып оқушысы әшкере етті
"Атамұра" баспасынан шыққан жалпы білім беретін мектептің 2-сыныбына арналған «Әдебиеттік оқу кітабының» авторлары Б.Қабатай, В.Қалиева және Ү.Зейнетоллина оқулыққа ақын Қуат Адистің өлеңін белгілі балалар ақыны Қастек Баянбаевтың атынан берген. Бұл туралы журналист Дина Имамбай өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Қуаттың 2-сыныпта оқитын қызы әкесінің өлеңін танып, авторы қате жазылғанын байқаған. Оқулық авторлары, басқадан ұялмасаңыздар да кішкентай оқушылардан ұялсаңыздаршы! Оқулыққа енгізілетін мәтіндерді интернеттегі күмәнді дереккөздерден алып құрастыру репутацияларыңызға сын!
Қуат Адис - балаларға арналған бірнеше кітаптың авторы, танымал ақын.
Балалар ақындары мен жазушыларын танымасаңыздар, қазақ әдебиетінің қазіргі классигі Байбота Қошым-Ноғайды кеңесшілікке шақырыңыздар. Байбота аға - он томдық «Қазақ балалар әдебиеті антологиясының» құрастырушысы. Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп жұмыс істеңіздер»,-деп жазды ол.
Бұл жайтқа қатысты жазушы Қуат Адистің өзі былай дейді.
«Кеше 2 сынып оқитын қызым «Сіздің шын атыңыз Қастек Баянбай ма?»,— деп сұрайды. Түк түсінбей «Жоқ, балам, Қастек Баянбай қазақтың үлкен ақыны ғой», — деймін мен. Қолындағы кітабын көрсетіп, «Мынау сіздің өлеңіңіз ғой. Мен бәрін жаттап алғанмын. Бірақ, мына жерде сол адамның аты жазылған, суреті де басқа», — дейді қызым. Қарадым. Расымен, 2 сыныптың «Әдебиеттік оқу» оқулығында менің «Дәрумендер дауасы» деп аталатын өлеңімнің екі шумағын Қастек Баянбайға теліп жіберіпті. Әуелде басқа ақынның өлеңін көшіріп жазғандай болып қызымнан ыңғайсызданып қалдым. Мүмкін, сәйкестік шығар дейін десем, өлеңімнің үтір, нүктесіне дейін танып тұрмын. 2021 жылы жарық көрген кітабыма енген. Тіпті ол кітапты «Дәрумендер дауасы» деп те атағам.
Бірден байбалам салмайын деп байыппен қарап шықтым. Аталған оқулық биыл, яғни 2022 жылы «Атамұра» баспасынан шығыпты. Алғашқы бетіне «Оқулық бастауыш білім беру деңгейінің 2-4 сыныптарына арналған «Әдебиеттік оқу»пәнінің үлгілік оқу бағдарламасына сәйкес дайындалды» деп жазылыпты.
Мүмкін, осыған ұқсас өлеңдері бар шығар деген оймен үйдегі кітапханамда бар Қастек Баянбайдың кітаптарын бірнеше мәрте қарап шықтым. Таба алмадым. Болмаған соң Гуглға кірдім. Міне, қызық! bilim all, zharar сайттары «Дәрумендер дауасын» толықтай жариялап, авторын Қастек Баянбай деп көрсетіпті. Бақсам, бақа екен демекші, кілтипан осы жерде сияқты. Кітапты құрастырушылар өлеңді әлгі сайттардан алып, оқулыққа қотара салған. Авторын нақтылауға құлқы болмаған немесе ерінген. Жауапкершілік бар жұмыста да болуы керек қой. Бірақ, ұрпақ тәрбиесі үшін қолға алған игілікті жұмыста жауапсыздық танытқандарға не деуге болады?,-дейді жазушы.
Автор бұған дейін де мектеп оқулықтарындағы өрескел қателіктер айтылып, жазылып келе жатқанын айта келе, тыныс белгілері немесе әріптік қателер емес, тұтас туындының авторларын шатастырғандарына қынжылыс білдірді.
Қастек Баянбай менің ғана емес, біздің буынның ең сүйікті ақыны, тәтті өлеңдерімен тәрбиелендік. Балалар әдебиетінің классигіне екі шумақ өлеңімді қимай отырғаным жоқ, тек сондай тұлғаны біздей пақырдың деңгейіне түсіргендерге айтар сөзім болмай отыр»,-дейді ол.
Оның айтуынша, мұның алдында да бір-екі шумақ өлеңін бастауыш сыныптың оқулығына авторсыз берген. Алайда жазушы жауапсыздарды жауапқа тартуға ниетті емес.
"Онда үндеген жоқ едім. Енді мынаусы сорақы ғой. Менен ұялмаса да, Қастек ағаның әруағынан қорқу керек еді...
Дауласқым, соттасқым жоқ, тек қателіктерін түзесе болды. Оқушыны шатастырмай. Мектеп оқулығына осыншама жауапсыз қарау деген сұмдық енді»,- дейді автор.
Қуат Адистің бұған дейін балаларға арналған «Қоңырбек пен Содырбек», «Кемпірқосақ» деп аталатын жинақтары жарық көрген.
«Дәрумендер дауасы» кітабына соңғы жылдары жазылған өлеңдері мен жұмбақтары енген. Автордың қандай туындысы да тәрбиелік бағытта өрілген. Балалар мен жасөспірімдерді адамгершілікке, кішіпейілділікке, адалдыққа баулиды. Тілге жеңіл, ойға сіңімді, жаттауға оңай.
Қастек Баянбай - балалар жазушысы, ақын. Балаларға арналған «Арғымақ»атты алғашқы жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көрген. Өлеңдері бастауыш сынып оқулықтарына, көмекші құралдарға еніп, кейбіріне әндер жазылған, ертегілері бойынша мультфильмдер түсірілген. Шығармалары орыс, украин, болгар, белорус, өзбек, молдован, түрікмен, әзірбайжан, литван және басқа тілдерге аударылған.