"Котак" банкінің Қазақстанда ашылуы қаншалықты рас?
Отандық БАҚ беттерінде "Kotak Mahindra Bank" атауымен Қазақстанда банк ашылғай жатқандығы таралды. Атауы қоғам арасында қызу талқыға түсті. Осы орайда, KazFace.kz ақпараттың шынайылығын зерттеп көрді.
Ашық ақпарат көздерінде расымен "Kotak Mahindra Bank" атауымен банк бар екені расталады. Оның басқарушы директоры Үндістанның миллиардер банкирі Котак Махиндра екен. Оның байлығы бүгінде 14,3 миллиард долларға бағаланады.
Толық аты-жөні Удай Суреш Котак көпбалалы отбасында дүниеге келген. "Котак" бұл оның тегі. Хинди тілінің оқылуы түркі тілдес елдердің тіліне ұқсас болғандықтан, "Котак" сөзі бізге таныс көрінді. Бірақ оның мағынасы хинди сөздігінде біз ойлағаннан мүлдем басқаша. Үндістер саз балшықтан бұйым істейтін қолөнершілерді "котак" деп атайды екен.
БАҚ беттерінің бірінде Kotak Mahindra Bank ірі үнділік Adani Group-тың Қазақстандағы жобаларын қаржыландырмақ екені хабарланды. Өйткені Adani Group Еуропаға транзит үшін Каспий теңізінің жағалауында порт салуға мүдделі деген мәлімет те тараған болатын.
Осы орайда, қазақ қоғамын дүр сілкіндірген "Котак" банкі елімізде расымен ашыла ма? Оған ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жауап берді.
- Kotak Mahindra Bank бастаған ірі үнді инвесторларының еліміздің нарығына шығып, кейбір жобаларға инвестиция салу жоспарлары туралы естімедік. Бұл мәселе бойынша Үндістан тарапынан мәлімет түспеді, - деп қауөсектерге нүкте қойды.
Жалпы бұл ақпараттың шығу себебі өткен жылдың соңында әлемдегі ең бай адамдардың бірі саналатын Adani Group басшысы Гаутам Аданидің Қазақстанға сапары болуы мүмкін. Осылайша атауы біз үшін ерекше банк арқылы кейбір ақпарат көздері ел назарын аудартуға тырысқан болар.