Қоғам

Ақмола облысында сібір жарасы тіркелді

Ақмола облысында  сібір жарасы тіркелді

Ақмола облысының Атбасар ауданында сібір жарасы тіркелді. Бес адамның ауру жұқтырғаны анықталды, оның үшеуінде диагноз ресми түрде расталды. Бұл туралы KazFace.kz тілшісі хабарлайды.

Ауруға күдік туралы алғашқы ақпарат 28 маусым күні кешкісін түскен. Сол күні санитарлық авиация арқылы арнайы мамандар Атбасар аудандық орталық ауруханасына барып, науқастарды тексерді. Қазіргі таңда барлығы алты адам ауруханаға жатқызылған. Олардың жағдайы орташа ауыр деңгейде, тұрақты.

Ақмола облысының бас инфекционисі, көпбейінді облыстық аурухананың инфекциялық бөлім меңгерушісі Сәуле Жұматаева науқастардың жағдайы туралы былай деді. 

«Бүгінде бізде алты науқас ем қабылдап жатыр. Үшеуінің сібір жарасы диагнозы зертханалық түрде расталды, қалған үшеуінің талдаулары әлі тексерілуде. Аурудың алғашқы кезеңінде кейбір пациенттердің дене қызуы фебрильді деңгейге дейін көтерілді. Қазір бактерияға қарсы терапия нәтижесінде науқастардың жағдайы тұрақталып, қызуы қалыпқа келді», деді ол. 

Ауру ошағы анықталған Шұнқыркөл ауылдық округінде эпидемияға қарсы шаралар қолға алынды. Мал жайылымына шектеу қойылып, төрт түлік арнайы қора-жайларға қамалды. 

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті таратқан мәліметке сәйкес, тіркелген бес жағдайдың барлығы тері формасындағы сібір жарасы ретінде сипатталуда. Барлық науқастар медициналық бақылауда, олардың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. 

Қазіргі таңда инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде.