Қазақстанда жаңа атом электр станциялары салынбақ

Қазақстан әлемдік компаниялармен өзара тиімді байланыс жасай отырып, жаңа атом электр станциясын салуға қауқарлы. Бұл туралы президент жолдауында айтты, деп хабарлайды KazFace.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету үшін атом энергетикасын дамытуға ерекше мән берді.
«Ядролық энергетиканы дамытуға бет бұруымыздың мән-маңызы зор. Алматы облысында алғашқы атом электр станциясының жобасы «Росатоммен» бірге жүзеге асырыла бастады. Бірақ тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек», – деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын жасыл энергия нысандары іске қосылады. Сонымен бірге, сапалы көмір қорын экологиялық таза технологиялар арқылы пайдалану да ел игілігі үшін маңызды болмақ.
Президент Қазақстанның Қытаймен атом саласындағы стратегиялық әріптестігі орнағанын және әлемдік компаниялармен ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.