Жаңалықтар

Қазақстандықтардың тұрғын үй кезегіндегі нөмірлері неге өзгерді?

Қазақстандықтардың тұрғын үй кезегіндегі нөмірлері неге өзгерді?

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Осы жылдың 24 мамырынан бастап елімізде тұрғын үй кезегін басқару жүйесі өзгерді. Бұл міндет «Отбасы банкке» жүктеліп, ол ұлттық даму институтына трансформацияланды, деп хабарлайды KazFace.kz. 

Жаңа жүйеге өткен соң қазақстандықтар өздерінің тұрғын үй кезегіндегі нөмірлерінің өзгергенін байқады. Сарапшылардың айтуынша, бұл қате емес, реформаның нәтижесі.

Енді бұрынғыдай адамның кезектегі нақты орны көрсетілмейді. Оның орнына жаңа үлгідегі идентификатор енгізілді. Ол өтініш берушінің кезекке тұрған күнін және табыс деңгейін ескереді.

Мұндай тәсіл азаматтың әлеуметтік жағдайына қарай көрсетілетін қолдау түрін анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, табысы төмен отбасыларға әкімдік тарапынан жалдамалы пәтер ұсынылса, табысы жоғары азаматтарға жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама қарастырылған.

Кезекке тұруға өтініш бергісі келетін кез келген кәмелетке толған қазақстандық «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» арқылы онлайн өтініш бере алады.

Өз мәртебесін және кезектегі орнын білу үшін азаматтар «Отбасы банк» сайтындағы «Қолжетімді баспана» бөлімінен «Тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар тізімін» жүктей алады. Ең бастысы өтініш берген өңірді дұрыс таңдау қажет.

Сонымен қатар статус пен категорияны тексеру үшін «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының» порталында авторизациядан өтіп, «Өз мәртебеңді тексеру» батырмасын басу жеткілікті. Ашылған терезеде кезекке қойылған күні мен санаты көрсетіледі.