Қоғам

Белгілі журналист Гүлбану Әбенова су тасқыны кезінде жалған ақпарат таратты деп айыпталуда

Белгілі журналист Гүлбану Әбенова су тасқыны кезінде жалған ақпарат таратты деп айыпталуда
Өткен түні белгілі журналист Гүлбану Әбенованың үйіне полиция қызметкерлері келіп, оның үстінен іс қозғалғанын жеткізген.

Бұл туралы журналист өзінің жеке парақшасында мәлімдеді.
Жұмыстан тыс уақытта, сағат түнгі тоғызда үйіме үш полиция қызметкері келді. Менен су тасқыны туралы жазғаным үшін түсініктеме жазуымды талап етті,- дейді.
Ол өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және болған жағдайдың мән-жайын ашып айтты. 

-Мен елімізде орын алып жатқан су тасқыны туралы жалған ақпарат таратпадым. Тек халықтың сөзін сөйлеп, олардың жіберген шағымдары туралы айттым. Солардың біреуі өтемақы туралы болды. Мысал ретінде біреудің 16 жылғы мақаласын келтірдім, онда  СҚО-ның бір зейнеткері өтемақыға 100 мың теңге алып, үйін жөндеуге жетпейтінін айтып шағымданған. Биыл да дәл осындай жағдай қайталанбайды деген үміттеміз деп жазылған материалда. Бірақ біраз уақыттан кейін әкімдіктен хабарласып, макаладағы зейнеткердің үйі қалпына келтірілгені туралы фото жіберді. Мәселе оң шешімін тапқан соң, мен материалды өшірдім,-дейді Әбенова.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда билік елдегі болып жатқан жағдай туралы жазуға тыйым салуы журналистік қызметке келтірген кедергі, әрі қысым.
-Қазір БАҚ беттерінде ұсақ-түйек, отбасы-ошақ қасы туралы әңгімеден көз ашпаймыз. Ал қиын-қыстау кезде халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтамасақ несіне журналист болып жүрміз?!,-деп күйінеді ол.
Еске сала кетейік, вице-премьер, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штаб меңгерушісінің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны кезінде дүрбелең тудыратын жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылатыны туралы айтқан болатын.
"Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы" заң аясында тиісті құрылымдар мұндай жалған ақпаратқа талдау жүргізеді, қажетсіз дүрбелең тудырып, отандастарын алдаған кез келген азамат, өз әрекеттері үшін нақты ақы төлейтін болады, — деген.
Мұндай фактілер үшін қолданыстағы заңнамада қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Алайда, белгілі журналист Гүлбану Әбенованың жағдайында бұл процесс жедел орын алып, тіпті, журналист оған кім шағымданғанын, қай материалы үшін жауапқа тартылып жатқанынан хабарсыз екенін айтады. Құзырлы органдар өткен түні ғана түсініктемеге келсе, бүгін сот процесі болып жатыр.