Жаңалықтар

Жас теннисші Заңғар ITF Juniors жарысының 3 дүркін жеңімпазы

Жас теннисші Заңғар ITF Juniors жарысының 3 дүркін жеңімпазы
15 жастағы Қазақстандық Заңғар Нұрланұлы Түркияның Измир қаласында өткен ITF Juniors J100 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды KazFace.kz

Ол финалда Түркияның жасөспірімдер арасындағы үздік, осы жарыстың 1-ракеткасы Мелих Анаватанмен түсіп, матчті 3:6, 7:5, 6:2 есебімен ұтты.
Финалдық бәсеке өте тартысты болды. Бірінші сетте есе жібергеннен кейін екінші партияда жоғары ойын деңгейін көрсете алдым. Қорытындысында жеңіске жетіп, жекелей сында 2024 жылдағы алғашқы титулыма қол жеткізгеніме қуаныштымын, - деді Заңғар Нұрланұлы.
Бұл – Заңғардың жекелей сында ITF Juniors жарыстарындағы үшінші жеңісі. Өткен жылы ол Армения мен Словакияда дәл осындай додаларда үздік шыққан еді.

Еске сала кетейік, Заңғар Нұрланұлы Қазақстан теннисінің болашағынан үміт күттіретін жарқын есімдерінің бірі. Бүгінгі таңда өзі 15 жаста болса да, ересек 18 жастағы спортшылармен бақ сынауда.