Даниал Ахметовтың өкілеттілігі аяқталды
Бүгін 15 маусым Шығыс Қазақстан әкімі Даниал Ахметовтың өкілеттілігі аяқталды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Бұл туралы ШҚО мәслихаты ресми сайтында жариялады. Хабарламада 16 маусымда 10:30-де облыс әкімі лауазымына тағайындауға келісім беру үшін депутаттар жиналысы өткізілетіні жазылған.
2014 жылы 11 қарашада облыс әкімі болып сайланған Ахметов шығысты 9 жыл басқарып келеді. Ол жуырда журналист Асхат Ниязовқа берген сұхбатында өкілеттілігін бір жылға ұзартқанын айтады.
- Облыс әкімдерін тағайындау, оның өкілеттілігін бекіту туралы Ата заңымызда жазылған. Яғни, менің бұл қызметтен кету, кетпеуімді тек президент шешеді. Сондықтан біз жұмыс істейміз, біздің басты міндетіміз – қоғам мүддесіне қызмет ету және берілген тапсырмаларды орындау. Өкілеттілігімді тағы бір жылға ұзартты, - деді Даниал Ахметов.
Еске сала кетейік, дәл бүгін Даниал Ахметов 69 жасқа толып жатыр. Ол зейнет жасына шықса да қызметін жалғастырып келеді. 2017 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Даниал Ахметовтің зейнет жасына толуына байланысты арнайы Жарлық шығарып, оған 2022 жылға дейін жұмыс істеуге рұқсат берген. Ал былтыр мемлекеттік қызметтегі көп жылдық тәжірибесі ескеріле отырып, лауазымдық өкілеттігі бір жылға ұзартылған болатын.