Жаңалықтар

Президент: "Әр адам өзінің кәсіби ісімен шұғылдануы керек!"

Президент: "Әр адам өзінің кәсіби ісімен шұғылдануы керек!"

Бүгін мемлекет басшысы елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды KazFace.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

- Өткен жылыту маусымы елорда үшін жылу қуатының зор тапшылығымен өтті. Негізінде жылы қыстың арқасында коллапстан жалтара алдық. Бұған қоса жергілікті билік шын мәнінде оларды қалыпты жылумен қамтамасыз етуге дайын емес бола тұра, миллиондаған шаршы метр тұрғын үйдің құрылысына көмек беруді жалғастыруда. Қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту көбіне коммуналдық кәсіпорындарды басқаратын лауазымды тұлғалардың кәсібилігіне байланысты, - деді Тоқаев.

Сондай-ақ мемлекет басшысы елорда әкімі Жеңіс Қасымбекке қаланың коммуналдық кәсіпорындарының басшылық құрамына талдау жүргізу тапсырылғанын атап өтті.

- Бұл тапсырма, менің түсінуімше, әлі де орындалу сатысында тұр. Елордада ЖЭО-ны – заңгер, Өңірлік электр желілік компанияны – бағалаушы, жылутранзитті – агроном, қалалық су арнасын – зоотехник басқарып жүр. Әркім өз кәсібімен айналысуы керек. Әйтпесе жұмыс нәтижелері соған «лайық» болады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев бір ай мерзімде үшінші ЖЭС-тің екінші кезеңі мен үшінші газ қазандығының құрылысына қатысты біржақты шешімге келу жөнінде тапсырма берді. 

Негізгі міндет – Астананы кемінде алдағы 10 жылда сенімді жылу жүйесімен қамтамасыз ету.

– Үкімет барлық аймақтағы жылу маусымына дайындық жұмыстарын қатаң бақылауда ұстауы керек. 30 градус аязда жылусыз қалған Екібастұз тұрғындарының оқиғасына қайта жол бермеуіміз қажет. Жаздың да тең жартысы өтті, алда уақыт көп емес. 

Сондықтан қаладағы барлық тиісті қызметтер қысқы маусымға сақадай сай болуы қажет. 

Күн суытқанша бүкіл елдегі жылу көздері мен коммуналдық желілердің дайындығын пысықтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдаған жөн. Бұл үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Сондай-ақ жылу стансаларының меншік иелері мен мердігерлер өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы керек, – деді Мемлекет басшысы.