Сұхбат KazFace.kz

Ерсұлтан Мұса: “Оларды тасжүрек ететін мына біздің қоғам”

Ерсұлтан Мұса: “Оларды тасжүрек ететін мына біздің қоғам”

 

Дильназ МУРЗАГАЛИЕВА 

Жуырда жас әнші Ерсұлтан Мұса “Ұнайды жанарың” атты әніне бейнебаян түсірді. Бейнебаянда өзін мазалаған мәселе - ата-анасынан айырылған балалардың тағдыры туралы тақырыпты көтерген. KazFace.kz-ке берген сұхбатында әнші қоғамның осы мәселесі оны неліктен толғандырғаны туралы тарқатып айтып берді. 

Халыққа енді танылып келе жатқандықтан, өзіңіз туралы толығырақ айтсаңыз. Өнерге қалай келдіңіз?

- Мен Ерсұлтан Мұса қарапайым мемлекеттік қызметшілердің жанұясында өмірге келіп, 5 жасымнан бастап “Әнші балапан”, “Бозторғай” сайыстарынан бастау алған әншімін. Мектеп табалдырығынан бастап ән салып жүріп, 9 сыныпты бітірген соң Астанадағы Өнер Академиясына академиялық вокал факультетіне оқуға түстім. 4 жыл оқып бітіріп, Қазақ Ұлттық Университетінде қазір білімімді жалғастырып жатырмын. Жақында опера әншісі бола тұра, эстрададан өзімді сынап көрсем деп бір мықты идеямен, творчествалық ізденіспен “Ұнайды жанарың” атты клип түсірдік. Клипте әлеуметтік мәселе қозғап, қазіргі таңда жетімдер үйінде тәрбиеленген жастардың тағдырын көрсеттік. 18-ге толып, барар жері, басар тауы болмай, жұмысы жоқ, ақша мәселесімен де қиналып жүріп, махаббатқа келгенде де сүйген адамына қосылу үшін тағдырдың тәлкегіне түсетіндері бар ғой…

Неліктен клипте жетімдер тақырыбы көтерілді? Оған не себеп болды? 

- Шынымды айтсам, осы жылғы жаз мені қатты есейтіп жіберді. Жасым 20-дан асқаннан кейін айналамдағы жолдас жігіттер біртіндеп үйлене бастады.  Сонда бір жігіттің ата-анасы жетім қызға үйленуіне үзілді-кесілді қарсы болды. Мен ол жігітті де, қызды да жақсы танимын. Бірге жүрген замандастармыз. Бірге оқу оқып, шамамыз жеткенше тірлік қылып жүрміз дегендей. Екеуі де қатты қиналды. Жігіт байғұстың бір жағында ата-анасы, бір жағында сүйгені. Бұл жағдай менің жаныма қатты батты. Неге бұлай деген сұраққа жауап іздегім келді. Сөйтсем мәселе тереңде жатыр екен ғой. Елде 20-шақты балалар үйі бар. Адам айтса сенгісіз лық толы. Олар кәмелет жасқа толғанда балалар үйін босатуы керек. Кәмелет жас деген 18 жасар жасөспірім тағдырмен бетпе-бет қалады деген сөз. Оқу оқып жүріп, үй жалдап тұрғанға, ішіп-жегенге, киім-кешекке қаражат табу үшін үнемі жұмысты қатар алып жүреді. Рас өзім талайын көрдім айналамнан. Ол қиыншылықтар аз десеңіз, қоғамның оларға қорқа қарауы тағы бар. Қабылдамайды. Құдды бір сол тағдырды ол балалар өздері сұрап алғандай. 

Сіздің ойыңызша неге қоғамда жетім балаларға басқа көзқарас қалыптасқан?  Яғни, жетім балалар тасжүрек болады деген пікір. Сіздің ойыңыз қандай осы тұрғыда? 

- Қалай тас жүрек болмайсың? Туылғаннан тағдырмен айқасып келесің. Жаңалықтарды ашып қалсаң, жетімдер үйіндегі балаларға деген тәрбиешілердің қарым-қатынасын көріп жүрміз. Бүлдіршін балапандарды ұрып-соққандары былай тұрсын, балалар үйлерінің басшыларының өзі оларға өкіметтен тамаққа деп бөлінген ақшаға дейін қол сұғады. Оларды тасжүрек ететін мына біздің қоғам!

Шетелдіктер қазақстандық балаларды асырап алуына қалай қарайсыз? Өзіңіз бала асырап алар ма едіңіз? 

- Түрлі жағдайлар орын алып жатыр. Жақсы отбасыларға барып, сәтті ғұмыр кешіп жатқандар да бар. Мен өз ойымды ашып айтсам, біздің салтымыз үшін негізі бұл жат ұғым. Жетімін жылатпаған, жесірін жібермеген халықтың ұрпағымыз. Мезгілсіз әкесі қайтыс болған жағдайда анасы жас болса балаларды сол елде алып қалып, анасына батасын беріп шығарып салған салтымызда. Мүмкіндік болса балалардың ел ішінде қалғанын қалар едім. Әрине қауқарым жетіп жатса асырап алар едім. Бұл жерде қауқар деген тек материалдық тұрғыдан емес. Оған рухани тәрбие беру, өз перзентіңдей жақсы көру, мейірім бере білу үлкен жауапкершілік. 

Клиптегі сияқты оқиға болған жағдайда жігіт қандай таңдау жасау керек? Бір жағынан ата-анасының қарсылығы, ал екінші жағынан сүйген қызы…

- Тағы да тарихтан айтамын, баласына теріс батасын берген кезде тағдырлар не болғанын жақсы білесіз. Оның үстіне жәннәт ананың аяғының астында деп тәрбиелейді емес пе? Бірақ ол жігіт енді мүлде үйленбеймін деп шешім қабылдады. Ол да қасірет. Жағдайдың ауырлығы соншалықты мені бұл оқиға бірден есейтіп жіберді. 

Бұл клип болашақта кино түсіруге түрткі болуы мүмкін бе? Ойыңызда бар ма? Алдыға деген жоспарлар қандай?

- Жасым енді ғана жиырмадан асып жатқанын ескерсеңіз, болашаққа деген жоспар жетеді. Ең асылы елге қызмет ету. Ақын жырымен қызмет қылса, суретші картиналарымен тамсандырса, менің жолым әншілік. Талай әндер жазылар деген арман бар. Ал клипке келер болсақ, дұрыс байқайсыз бұл оқиға мен көрген жалғызы. Ал елде мұндай аянышты күйді кешіп жатқан қаншама жетім бар. Олар 18 жасқа толғаннан кейінгі көретін қиындық туралы ешкім ойланбайтыны жаныма батады. Тіпті, қыз сәтті тұрмысқа шығып кеткеннің өзінде оны «жетімексің, сені іздеп келер кімің бар?» - деп кемсітпесіне кім кепіл?!

Расында өзекті мәселені көтергенсіз. Сіздің бұл клипіңіз көп адамдарға сабақ болары сөзсіз. Сізге шығармашылық табыстар тілеп, арман-мақсаттарыңызға талмай жете беріңіз дейміз! Сұхбатыңызға көп рақмет!