Қоғам

Астанада Назарбаев Университетінің студенті қаза тапты

Астанада Назарбаев Университетінің студенті қаза тапты

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Астанада Назарбаев Университетінің 22 жастағы студенті қайғылы жағдайдан қаза болды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Белгілі болғандай ол университеттің жатақханасының 12-қабатынан секіріп кеткен. Оқиға орнына дереу полиция мен жедел жәрдем қызметі жетті. Университет әкімшілігі марқұмның жақындары мен туыстарына терең қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Сондай-ақ студенттер мен қызметкерлерге психологиялық қолдау ұйымдастырылғанын жеткізді.

«Біздің қауымдастықтағы әрбір адамның қауіпсіздігі мен эмоционалдық әл-ауқаты – басты назарымызда», – делінген ресми мәлімдемеде.

Астана қалалық Полиция департаменті қазаны растап, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Университеттің баспасөз қызметі расталмаған ақпаратты таратпауға шақырып, бұл әрекет марқұмның отбасы мен достарына қосымша ауыртпалық түсіретінін ескертті.

Еске сала кетейік, биыл маусым айында да Назарбаев Университеті жатақханасында осындай қайғылы жағдай тіркелген болатын. Ол кезде 24 жастағы студенттің денесі табылған еді.