Депутат Дәулет Мұқаев жарнамалаған компания халықты алдаған ба?
Депутат Дәулет Мұқаевтың жарнамалаған құрылыс компаниясы елуге жуық салымшыға ақшасын қайтармай отыр, деп хабарлайды KazFace.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Сөздерінше, компания иелері миллиондаған қаржыны алып, қашып кетуі мүмкін. Себебі пәтер кілтін осы жылдың соңында алуы керек болған салымшылар үй әлі салынбағанын айтады. Компания өкілдері болса, құрылысты аяқтайтындарын мәлімдеген.
Құрылыс компаниясының кеңсесінің алдына жиналған халық құрылыс алаңында жұмыстардың тоқтап тұрғанына 8 ай болғанын айтады.
Желтоқсаннан бері құрылысты бақылап жүрміз. Қазір тек іргетасы құйылған. Бұдан кейін келісімшартты сәуірде бұздым, ал шарт бойынша компания ақшаны қайтаруы керек. Қазір тамыз айы болды. 4 ай өтсе де, ақшаны ала алмадым, – деді Айымгүл Нысанбаева.
Жиналғандардың айтуынша, компания барлығы 100 миллион теңгеден артық ақша қарыз. Егер шара қабылдамаса, компания иелері ақшаны алып жасырынып қалуы мүмкін дейді. Оның үстіне бұл компанияға блогер әрі депутат Дәулет Мұқаевтың жарнамасынан кейін ақша құйыпты.
Бұл құрылыс компаниясын таңдауыма Дәулет Мұқаев себепкер болды. Депутат атанғанға дейін қоғам пікірін қалыптастырушы болды. Халыққа қаржылық сауатты үйретті. Тиімді бағдарлама бойынша үй алуда көмектесті. Сондықтан оның жарнамасына сендім, – дейді Қуат Керімбеков.
Max Bet PV2 құрылыс компаниясының өкілдері ешкімді алдамағанын жеткізді. Қазіргі таңда кей құжаттардың болмауына байланысты құрылысты тоқтатып қойған.
Иә, үйді желтоқсанда береміз дедік. Бірақ жобада өзгерістер болды. Бастапқы сәулет-жобалау бойынша ғимаратта 3 қабат болуы керек. Енді 5 қабат салғымыз келеді. Сондықтан құжатты өзгерту керек. Келесі жылдың мамырында үйлердің кілтін табыстаймыз. Пәтер алғысы келмейтіндерге ақшаны толығымен қайтарамыз. 25 қыркүйекке дейін барлығына ақшасын беруге уәде береміз, – деп айтты Max Bet PV2 құрылыс компаниясының директоры Берік Нұрмағамбетов.