Қоғам

Тұрғын үйді басқарудағы заңбұзушылықтар үшін айыппұл өседі

Тұрғын үйді басқарудағы заңбұзушылықтар үшін айыппұл өседі

Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейеді, деп хабарлайды KazFace.kz.

Бұл өзгеріс осы жылдың 15 қыркүйегінен бастап енгізілмек. Бұған дейін пәтер иелері кооперативінің (КСК) немесе мүлік иелері бірлестігінің (ОСИ) төрағаларына тек ескерту берілетін. Ал жаңа редакцияға сәйкес, олар нақты айыппұл төлейтін болады.

Мәселен, көпқабатты тұрғын үйді басқару объектісіне ағымдағы немесе жинақ шоттарын уақытылы ашпағаны үшін – 50 айлық есептік көрсеткіш (МРП) көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ ай сайынғы және жылдық есептерді кеш тапсырғаны үшін де – 50 МРП.

Басқарушы субъект ауысқанда техникалық құжаттарды тапсыру актісін уақытылы рәсімдемеген немесе тапсырудан бас тартқан жағдайда – жеке тұлғаларға 50 МРП, заңды тұлғаларға 100 МРП көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұл құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері екі есеге артады.

Ең бастысы – бұл айыппұлдар тұрғындар жинаған қаражаттан емес, басқарушы тұлғаның жеке қаражатынан төленуге тиіс.