Астанада Манас батыр ескерткіші орнатылды
Астанада Қабанбай даңғылы бойында Манас батырға ескерткіш бой көтерді, деп хабарлайды KazFace.kz Қырғызстан елшілігіне сілтеме жасап.
Екі ел арасындағы 2020-2023 жылдарға арналған ынтымақтастықты үйлестіру жоспары аясында былтыр үкімет басшысы Елордада Манас батырға ескерткіш орнатылатынын айтқан болатын.
Ескерткіштің мүсінін жасау үшін Қырғызстанда отандық мүсіншілер мен суретшілер арасында байқау өтті. Одан кейін мәдениет министрлігінің басшысы Алтынбек Мақсұтов президент Садыр Жапаровқа эскиздерді көрсетті.
Ұлы Манас батырдың мүсінін Үрүстөмбек Пазылов және Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Улан Бейшенбаев жасады. Ескерткіш тұғыры граниттен, ал мүсіннің өзі қоладан құйылды.
Айта кету керек, Қырғызстанның Қазақстандағы елшісі Дастан Дюшекеев ескерткіштің ресми ашылуы жылы мезгілде болады деді.
Жалпы, Манас – қырғыз халқының эпопеясындағы бас кейіпкер, батыр. «Манас» эпосы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының жауһарлары тізіміне, сондай-ақ әлемдегі ең көлемді эпос ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.