Қоғам

Италиялық азаматқа Мақаншы ауданында сәтті ота жасалды

Италиялық азаматқа Мақаншы ауданында сәтті ота жасалды

Абай облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты Мақаншы аудандық ауруханасында Италиядан келген шетелдік азаматқа жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетіліп, сәтті ота жасалды. Операциядан кейінгі оңалту кезеңі де ойдағыдай өтіп, науқас толық сауығып шықты, деп хабарлайды KazFace.kz

Шетелдік азамат көрсетілген кәсіби және адамгершілік көмекке ерекше ризашылығын білдіріп, ақ халатты абзал жандарға жүрекжарды алғысын айтты.

«Құдай маған өмірімді сақтап қалған адамдарға жол көрсетті. Сол үшін бас дәрігер Жәнібекке және хирург-дәрігер Дарханға, сондай-ақ осы керемет аурухананың барлық қызметкерлері мен медбикелеріне алғыс айтамын. Қазақстан – маған өмір сыйлаған екінші Отаным болады», – деді ол.

Бұл жүрекжарды сөздер – аудандық аурухана мамандарының кәсіби біліктілігі мен қажырлы еңбегінің айқын дәлелі.
Мақаншы ауданы әкімдігі аудан тұрғындары мен қонақтарының денсаулығы әрдайым басты назарда екенін атап өтіп, ел азаматтары мен шетелдік қонақтарға сапалы медициналық қызмет көрсету – өңірдің әлеуметтік дамуының маңызды бағыттарының бірі екенін жеткізді.