Сұхбат KazFace.kz

Ақмолада буллинг пен суицидтің алдын алатын орталық қалай жұмыс істейді?

Ақмолада буллинг пен суицидтің алдын алатын орталық қалай жұмыс істейді?

Балауса ЖАҚСЫБАЙ

Мектеп демалысы басталғанымен, балалардың уайымы аяқталған жоқ. Себебі буллинг тек мектеп қабырғасында емес, аулада, көшеде, тіпті әлеуметтік желілерде де жиі кездеседі. Қоғамда осы мәселеге қатысты алаңдаушылық артқан сайын, бала психологиясына терең үңіліп, оған уақытылы қолдау көрсететін орталықтардың маңызы артып келеді. Сондай орталықтың бірі – Ақмола облысы білім басқармасына қарасты Психологиялық қолдау орталығы. KazFace.kz тілшісі аталған мекеменің жұмысы туралы орталық басшысы Сайран Азнабайқызымен сұхбаттасты.

Орталықтың ашылу тарихы мен мақсаты

Сайран Азнабайқызының айтуынша, орталық Оқу-ағарту министрлігінің 2024 жылғы 13 ақпандағы бұйрығы мен облыс әкімдігінің 18 сәуірдегі қаулысы негізінде құрылған. Нысанның негізгі мақсаты – білім беру процесіне қатысушыларға, яғни оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдерге психологиялық көмек көрсету, буллинг пен суицидтің алдын алу және психоәлеуметтік қиындықтарды шешу.

«Қазір бұл орталық тек біздің өңірде ғана емес, еліміздің барлық аймағында жұмыс істейді. Басты міндетіміз – балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық тұрақтылығын сақтау. Әрбір бала – ерекше. Біз әрқайсысына жеке көзқараспен қарап, оған қажет көмек түрін анықтаймыз», – дейді орталық басшысы.

Балалар қай кезде көмекке жүгінеді?

Орталық құрылған сәттен бастап бүгінге дейін 1500-ге жуық өтініш тіркелген. Оның ішінде 700-ден астамы – тікелей қабылдаулар, ал 600-ге жуығы онлайн форматта өткен. Сонымен қатар, республикалық «111» сенім желісі арқылы 20-дан астам шағым келіп түскен. Мұндай орталықтардың қажеттілігі күн санап артып келеді. Себебі, кейде ата-ана баласының ішкі жан күйзелісін байқамай қалуы мүмкін.

Жалпы өтініштердің ішінде эмоционалды күйзеліс, ата-анамен қарым-қатынас қиындығы, құрдастарымен келіспеушілік, өзін-өзі бағалаудың төмендігі, жалғыздық, оқудағы қысым сияқты мәселелер жиі кездеседі. Қыз балалар көбіне сыртқы келбетіне қатысты сыннан, ал ұлдар отбасындағы рөлін түсінбеуден зардап шегіп жатады.

«Бізге балалар көбінесе өз еркімен де, ата-аналарының көмегімен де келеді. Кейбір жағдайда көмек телефон арқылы беріледі. Егер жағдай күрделене түссе, мамандар баланы тікелей қабылдап, ұзақ мерзімді қолдау көрсетеді. Қажет жағдайда шұғыл мобильді топ та іске қосылады», – дейді Сайран Азнабайқызы.

Суицид – ауыр дерт, оны елемеуге болмайды

Сұхбат барысында мамандар балалардың өмірқиярлық әрекетке қалай баратын себептерін де атап өтті. Орталық мамандарының айтуынша, суицид – бір сәттік шешім емес, ол ұзақ уақыт жиналған эмоциялық қысымның нәтижесі. Кей жағдайларда бала өзіне қол жұмсау жоспарын алдын ала құрып қояды. Осындай бір оқиғада орталықтың жедел әрекет етуі арқасында баланың өмірі сақталып қалған.

«Суицидтің түрлері бар. Егер бала дәрі ішсе – бұл көбіне көмекке шақыру, өзін байқауды қалау. Ал асылу – өте қауіпті, бұл соңғы шешім. Сондықтан суицид – бұл тек әлеуметтік мәселе емес, медициналық диагноз. Қазір Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктері бірлесіп, мұндай балаларды тіркеуге емес, емдеуге бағытталған бұйрық шығарды», – дейді мамандар.

Буллингтің түрлері және оған қарсы іс-шаралар

Орталықта жиі кездесетін мәселелердің бірі – буллинг. Психологиялық қысым мен кибербуллинг әсіресе жасөспірімдер арасында кең тараған. Мамандардың айтуынша, ата-ана мен баланың арасындағы сенімсіздік – буллингтің тереңдеуіне себепші болады.

Көп жағдайда бала өз қорқынышы мен уайымын жасырып, ересектерге ашық айта алмайды. Мұндай кезде кәсіби психологтың қолдауы өте маңызды. Орталық мамандары балалармен сенімге негізделген байланыс орнатып, жағдайды бірге шешуге тырысады.

«Біз балаларға бірден диагноз қоймаймыз. Ең әуелі оның сеніміне кіріп, сөйлесу арқылы ішкі жан дүниесін түсінуге тырысамыз. Ата-аналардың келісімінсіз бетпе-бет жұмыс жүргізе алмаймыз. Бірақ онлайн байланыс рұқсатты қажет етпейді. Кей жағдайларда тек бір реттік кеңес беріледі, ал басқа жағдайда толық жұмыс жүргізіледі», – дейді Сайран Азнабайқызы.

Жұмыстың нәтижесі бар ма?

Орталық мамандары әр балаға жеке даму жоспарын құрып, оның нәтижесін жыл бойы бақылап отырады. Психологтардың көмегінен кейін балалардың мектепке бейімделуі, ата-анасымен қарым-қатынасының жақсаруы, суицидтік ойлардан арылуы – нақты көрсеткіштер.

Бүгінде орталықта кәсіби мамандар – клиникалық және білім беру саласының психологтары, әлеуметтік педагогтар мен психотерапевттер жұмыс істейді. Олар тек жеке кеңес беріп қана қоймай, мектептерге барып тренингтер, семинарлар, ата-аналар жиналысында түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді.

«Баламен жұмыс бітті деген сөз – ол бізге қайтып келмейді дегенді білдірмейді. Біз олардың жағдайын әрі қарай да бақылауда ұстаймыз. Бұл үздіксіз процесс», – дейді мамандар.

Ата-аналарға кеңес

Сарапшылар ата-аналарға баламен ашық сөйлесуді, оған қысым көрсетпеуді және қажет болған жағдайда орталыққа жүгінуді ұсынады. Баланың ішкі жан дүниесіне бейжай қарамай, оның әрбір қимылынан, сөзінен өзгеріс байқап отыру басты міндет. Сондай-ақ, ата-аналар өз баласының күнделікті көңіл-күйі мен мінезіндегі өзгерістерге мұқият болуы тиіс.

KazFace.kz редакциясы атынан орталық басшысы Сайран Шокимоваға алғыс білдіреміз. Жұмыстарыңыз жемісті, нәтижелі болсын!

Орталықтың сенім телефоны: 8 708 044 53 23