Билік

Ақордадағы ауызашар

Ақордадағы ауызашар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ақордада ауызашар берілді, деп хабарлайды KazFace.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Мұсылмандар үшін қасиетті мереке саналатын Рамазан айын қазақ халқы ежелден "Рақым айы" деп ерекше қастерлеген. Ал ауызашар дастарқаны рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз.

Ұлтымыздың діні мен ділін әрдайым ұстанып, насихаттап жүретін мемлекет басшысы Ақорданың салтанатты залына ақ дастархан жайып, ата-баба рухына құран бағыштап, ауызашар берді. 

"Баршаңызды қасиетті Рамазан айымен құттықтаймын. Ораза қабыл болсын! Рамазан айы – күллі мұсылман қауымы үшін ерекше уақыт. Жамағат осы айда ізгі амалдар жасап, мол сауапқа кенеледі. Меніңше әр мұсылман үшін қасиетті Рамазан айының мән-маңызы – осында. Баршаңызға амандық тілеймін! Еліміздің береке-бірлігі арта берсін! Дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!", - деп президент  Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған қауымды қасиетті Рамазан айымен құттықтады. 

Бейресми жиында Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір салттың терең тәрбиелік мәні бар екенін айтып, мәдениетімізге, ұлттық киімімізге тоқталды. Елде болып жатқан реформалар жайлы да сөз қозғады. 

Аталған шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, мәдениет қайраткерлері, құтқарушылар, еңбек адамдары қатысты, деп жазады Ақорда.

Бірақ жаңа сайланған депутаттар мен министрлерді, БАҚ басшыларын, танымал блогерлар болғанын байқауға болады. Тағы жиналғандардың басым көпшілігі ер адамдар екенін айта кету керек. 

Әлеуметтік желіде сән-салтанатқа толы бұл ауызашарды халық қызу талқылап жатыр. Олардың ойынша, ел алдында жүрген азаматтардың киім киісі ауызашарға емес, тойға жиналғандай әсер берген. "Мемлекет басшысының өзі әдет-ғұрып туралы сөз қозғап отырғанда, араларында бірен сараны ғана орамал мен тақия киіп отырды. Көпшілігі құран оқылғанда бас киім кию міндетті екенін ұмытып кеткендей" дейді желі қолданушылары. Енді бірі "Бұндай ауызашарды қарапайым халыққа беріп, мұқтаж жандарды шақыру керек еді" десе, "Аста-төк дастархан жайғаны ысырап, оданда ол қаражатты садақаға бермей ме?" дегендер де табылды.

Еске сала кетейік, мемлекет басшысы былтыр алғаш рет Ақордада дастархан жайып, ауызашар берген болатын. Бұл іс-шара жыл сайын дәстүрге айналатын айтқан. Сондай-ақ, бұл күні әр облыста президент атынан ауызашар беріледі.