Жаңалықтар

Жаңаөзен жұмысшылары Астанаға келді

Жаңаөзен жұмысшылары Астанаға келді

 

Жаңаөзеннен келген жұмысшылар талаптарын айтып, ҚР Энергетика министрлігі ғимаратының алдына жиналды, деп хабарлайды KazFace.kz. Бұл туралы ҚазМұнайГаздың ресми сайтында жарияланды.

60-70-ке жуық жұмысшы Астананың қара суығына қарамастан далада түнеп шықты. Олардың барлығы ҚазМұнайГаздың еншілес компаниясы "Өзенмұнайгаз" АҚ үшін мұнай сервис қызметтерін көрсетуге арналған "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері. Олардың компаниялары тендерден ұтылып, жүзге жуық жұмысшы жұмыссыз қалған.

Біздің компания тендерден ұтылғаннан кейін біз жұмыссыз қалдық. ҚазМұнайГазға барып жұмыс сұрадық. Олардың ұсынған жұмысы бізді қанағаттандырмады. Үйде бала-шағамыз аш отыр. Жұмыс істемейміз демейміз. Лайықты жалақымен жұмыс сұраймыз. Мұнда әділдік іздеп келдік, - дейді жұмысшылар.

Бұған дейін олар Жаңаөзенде аштық жариялап, бірнеше күн компания алдында түнеген. Астанаға келгендердің басым бөлігі ҚазМұнайГаз ғимаратының алдында өткен былтырғы пикеттерге де қатысқанын айта кеткен жөн. Ол жолы олар маңғыстаулық басқа мекеме – "Кезби" компаниясының жұмыс көлемін белгіленген рәсімдердерге қарамастан қайтаруды талап еткен.

Жалпы, жұмысшылардың талабы нақты "Өзенмұнайгаз" АҚ штатына жұмысқа орналасу. Алайда, компания жұмысшыларды қабылдай алмайтынын, моноқала тұрғындарының талабына сай жұмыс орнын әділ бөлу ережесіне қайшы екенін айтады. 

Елордаға келгендердің талаптарын қабылданған құқықтық рәсімдерге қайшы болуына байланысты орындау мүмкін емес. Компанияда олармен келіссөз жүргізу үшін арнайы байланыс тобы құрылды, - деді ҚазМұнайГаз баспасөз қызметі.

Ал Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев жұмысшылармен келіссөзге омбудсмен мен ҚазМұнайГаз компаниясының өкілдері шығатынын мәлімдеді. 

Аталған жағдаймен таныспыз. Компаниялармен ұсыныстар жасап жатырмыз. Бірақ барлығы заң аясында, одан асып түсе алмаймыз, - деді министр Ұлысмедиаға телефон арқылы. 

Қазақтың кең байтақ жерінде қара алтыны өндіріліп жатқанда, қазағым далада тентіреп жүр. Минстр болса жылы жерінен шықпай, сөзбен жел есуде. Ал еліміздің батысында мұнай төңірегінде орын алып жатқан келеңсіздіктер қанша жылдан бері жалғасып келеді. 

Еске сала кетейік, әр жылдары Жаңаөзенде осындай қара жұмысшылар бірнеше рет көтеріліске шыққан. Тіпті, ел тарихында бір емес екі "Жаңаөзен оқиғасы" атымен қанды жағдай қалғаны белгілі. Жалпы миллиардтаған қаржы пайда көретін ҚазМұнайГаздың оты мен кіріп, суымен шығатын жұмысшылары лайықты жалақы алмауы жауыр болған тақырып. Онымен қоса, компанияның акциялары шетелге сатылып жатыр деген сыбыстар халық наразылығын одан сайын үдете түскен.