Билік

Алматыда үш шенеунік жұмыстан кетті

Алматыда үш шенеунік  жұмыстан кетті

«Бағанашыл» балалар үйінің  тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаевқа көшіру әрекетінен кейін  облыс әкімінің орынбасары және екі облыстық басқарма басшысы қызметінен босатылды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, ҚР президенті Әкімшілігінің келісімімен облыс әкімінің орынбасары Болат Күренбеков лауазымынан босатылған. Сондай-ақ білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева мен ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитов қызметтерінен босатылды. Ал облыс әкімінің бірінші орынбасарына қатаң сөгіс жарияланған.

Айта кетсек, Болат Күренбеков 2024 жылдың тамызынан бері әкім орынбасары қызметін атқарса, Салтанат Беспаева 2022 жылдың маусымынан білім басқармасын басқарған. Ерік Абитов 2024 жылдың сәуірінен бері ішкі саясат басқармасының басшысы болған.

Еске салайық, 21 шілдеде Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру әрекеті балалардың жылап-сықтауына, талып қалуына, полиция мен жедел жәрдемнің келуіне себеп болып, арты үлкен дауға ұласқан еді.

Аталған жағдайға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей араласып, балаларды көшіруді тоқтатуды тапсырды. Президенттің тапсырмасымен бұл мәселеге байланысты қызметтік тергеу тағайындалып, оны президент Әкімшілігі жүргізетін болды.