Әлеуметтік желіде белгісіз бір студенттің университетте пара алады деген видео-үндеуі кең тарады, деп хабарлайды KazFace.kz
Видеода студенттің түрі жабылып, дауысы өзгертілген. Өзін Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің студентімін деп таныстырған ол, аталған білім ордасы басқа университеттен ауысып келген студенттерден оқу ақысының жартысын аламыз деп алдап, түскен соң 100 пайыз сыпырып алатын көрінеді. Бұлардың қатарында шет мемлекеттерден келетін студенттер бар дейді.
Одан қалса, оқытушылардың тарабынан студенттер қысым көреді, денешынықтыру пәнінің мұғалімдері қыздарға тиседі, мәжбүрлейді. Университетте студенттер саны шектен тыс көп, тіпті жертөледе лекция өтеді деп күйінеді.
Бұл жаға ұстар жайтты жайып салған студенттің сөзі қаншалықты рас екені белгісіз. Бірақ ол құзырлы ұйымдар келіп университетті тексерсінші деп өтініш білдіреді видеода. Ал, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек болса, таралып жатқан видео-үндеу туралы әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Айта кету керек, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде 4 мыңнан астам студент білім алады. Сонау 1976 жылдан бері техникалық мамандықтарды даярлап келе жатқан білім ордасы еліміздегі үздік университеттердің бірі. Қазақстандағы жалғыз Теңіз академиясы осы университетте оқытылады.