Жаңалықтар

Журналист Әділ Түлепбергенов қамауға алынды

Журналист Әділ Түлепбергенов қамауға алынды

 

Сот отырысында есікті қатты жапқаны үшін журналист Әділ Түлепбергенов 5 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Әлеуметтік желіде журналистің өзі орын алған оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Мені демалып жатқан жерімнен Бурабайда тауып алды. Мен олардан мені қалай тауып алғанын және осы жерде екенімді кімнен білгенін сұрадым. Мардымды жауап ала алмадым. Заң аясында бұл дұрыс емес. Полиция қызметкерлері келіп, мені сотты құрметтемеу бабы бойынша қамауға алмақ, - деді ол. 

Желідегі жарияланған бейнежазбада полиция қызметкерлері журналистің сөзін растап отырғаны байқалады. Яғни, Әділ Түлепбергенов сотты құрметтемегені үшін және сол себепті қамауға алынатыны айтылды. 

Сондай-ақ Әділ Түлепбергенов бір сөзінде есікті қатты жапағанын, ол жерде әйнектер ашық болғандықтан кейін солай болғанын атап өтті.

Ал Ақмола облыстық сотының өкілі Күләш Домалақованың сөзінше Әділ Түлепбергенов ешқандай қамауға алынбаған. 

- Көкшетау қалалық сотында қылмыстық іс бойынша өткен сот отырысында судья Жұмабеков журналист-блогер Ә.Түлепбергеновке сот процесі кезінде ұялы телефонмен сөйлескені үшін ескерту жасатқан. 

Алайда, журналист судьяның ескертуіне мән бермей, телефон арқылы дауыстап сөйлеп,сотқа қатысып отырғандардың көңілін бөліп отырды. Судья Түлепбергеновке қайта ескерту жасатқаннан кейін ол есікті қатты жауып, залдан шығып кетті, - дейді Күләш Домалақова.