Электросамокаттарға қатысты заң күшейтіледі

Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепёха самокатшылар мен кикшерингілік компаниялардың жауапкершілігі туралы айтты, деп хабарлайды KazFace.kz.
Оның сөзінше, қазіргі заңнамада бірқатар олқылық бар, сондықтан осы сессияда депутаттар түзетулер енгізбек. Бұл өзгерістер полицейлерге де, жүргізушілерге де ортақ әрі түсінікті ережелерді бекітуді көздейді.
Вице-министр самокаттарға мемлекеттік нөмір беру мәселесі талқыланып жатқанын, бірақ ол автокөліктегі сияқты толық тіркеу болмайтынын атап өтті. Сондай-ақ, кикшерингілік компаниялар жылдамдықты шектеуге уәде бергенімен, оны орындамағанын жеткізді. Сондықтан бұл талаптарды заңнамалық тұрғыда бекіту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, қолданыстағы ережелерге сәйкес, самокатпен тротуарда 6 км/сағ жылдамдықтан асуға, шлемсіз жүруге және екі адам мініп қозғалуға тыйым салынған. Алайда Алматы мен Астанада бұл талаптар жиі бұзылып, кей самокаттар тіпті айыптұраққа жеткізілуде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз жолдауында электросамокаттарды реттеуге қатысты түзетулерді шұғыл қабылдауды тапсырған болатын.