Шаңырағы шайқалған Шәкәрім университеті
Абай облысы, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университет түлектері мен оқытушылық құрамы президентке үндеу жасады, деп хабарлайды KazFace.kz.
Олар әлеуметтік желі арқылы ректорлары Ердембековты министр Саясат Нұрбек негізсіз жұмыстан шығарып жатыр деп Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша түсуін сұрады. Аталған видео желі қолданушылары арасында кең тарап, қоғам талқысына түсіп жатыр.
Шәкәрім университетінің ректоры Бауыржан Ердембековты жұмыстан шығару жайлы бұйрық келді. Оқу орны ұжымы ведомство басшысынан не үшін, неге, не себепті сынды сұрақтарға жауап ала алмады. 12 сағат бойы ұжым ешқайда кетпеді, қанағаттандырарлық жауап алмады. Жаңа Қазақстанда әділеттілікті талап етеміз! - деді университет ұжымы.
Бауыржан Ердембеков Шәкәрім университетінің түлегі. Ол 2021 жылы ақпанда осы аталған оқу орнына ректор болып тағайындалған болатын. Студенттердің айтуынша, ол басқарған аздаған уақытта жастар саясаты дамып, университет гүлдене түскен.
Айта кету керек, Семей педагогикалық институты еліміздің ең көне білім ордаларының бірі болып есептеледі. Ірге тасы 1934 жылы құрылған. 1995 жылы оқу орнына қазақтың ойшыл-ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының аты берілген. Биыл университет ақынның туғанына 165 жыл толуын кең көлемде атап өтуді жоспарлап отыр.