Президент Қауіпсіздік Кеңесінде киберқауіпсіздік мәселелерін қарастырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтіп, онда азаматтардың цифрлық кеңістіктегі қорғалуын қамтамасыз ету және киберқауіпсіздік мәселелері талқыланды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Мемлекет басшысы Жолдауында қойылған елімізді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін еске салып, бұл үшін киберқауіпсіздік саласында нақты шаралар қажет екенін атап өтті. Жиында киберқатерлерге қарсы іс-қимыл, ақпараттық инфрақұрылымды қорғау, кадр даярлау және киберқылмыспен күрес мәселелері қаралды.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен ҰҚК төрағасы Ермек Сәлімбаев баяндама жасады. Президент кибералаяқтықпен күресті күшейту, жеке деректердің қорғалуын қамтамасыз ету, олардың заңсыз таралуына жауапкершілікті арттыру және халық арасында киберсауаттылықты дамыту қажеттігін айтты.
Қорытындысында мемлекет басшысы стратегиялық тәуекелдерді азайтуға және жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар шараларды қабылдауды тапсырды.