Домбыра – қазақтың жаны
Гулбану ӘБЕНОВА
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Ғасырлар бойы қазақ елінің тұрмыс тіршілігіне, қиын-қыстау күндеріне куә болған домбырадан артық халықтың күйін шертіп, мұңын айтар не бар? Ал домбыраның киесі туралы оны жасаған адамнан артық ешкім біле қоймас. Өскеменде ата кәсіпті қайта жаңғыртып, оны кәсіпкерлікпен үйлестірген Бақыт Кеңшілікұлы есімді азамат тұрады. Ол жұрт сыйлап, ел танитын шебер. Бүгінге дейін шебер ұлттық аспаптың 2000 данасын жасаған. Жастайынан осы бір өнерге жаны құмартқан азамат KazFace.kz-тің кезекті кейіпкері.
Қымбат әрі қатты ағаштарды жонып, оны қалыпқа келтіріп, үні мен сазы күмбірлеген аспап шығару әркімнің қолынан келе бермейтін қасиет. Атажұртқа Моңғолиядан келген Бақыт Кеңшілікұлы – қазақ қолөнерінің майталманы, жанашыры, дәстүрлі аспап жасаудың шебері. Ағаштан ұлттық аспап жасайтын ұста 25 жылдан бері Өскеменде тұрып жатыр. Осы аралықта талай күйші мен әншінің қолында жүрген қара домбыраның авторы атанған. «Бұл істе әуелі икем мен асқан ептілік қажет», - дейді ұста.
Қазіргі таңда қазақтың ұлттық домбырасына деген сұраныс жақсы. Әсіресе, мына балаларға, келешек ұрпақтарға мектеп үйірмесі ашылып жатыр ғой. Күннен-күнге соған қарай мына қазір кәсіби домбыралардан қарағанда бала домбыраларға сұраныс жақсы. Шетелден де азаматтар алып тұрады. Дубай бар, Америка бар, Германия, Мюнхен, Хеллинг қалаларында біздің қазақтар тұрады ғой. Солар алады, - дейді шебер.
Әр өңірден, тіпті алыс шетелден ағаштарды алдырып аспап жасайтын ағамыздың бүгінде тұрақты тұтынушылары да жетерлік. Жасалған аспаптар олардың көңілдерінен шығатынын шебер қуанышпен айтып жеткізді. Домбыра жасаумен қатар, қобыз, прима қобыз және ат әбзелдерін де қатар жасап жүр. Оның айтуынша, ең бастысы еңбегі бағаланып, халықтың көңілінен шықса соның өзі үлкен бақыт.
Шебердің асқақ арманы - тамыры мен тарихы тасқа таңбаланған, қазақ елінің болмысы мен өркениетінің куәгері саналатын, кешегі батыр бабаларымыз бен ақын аталарымыздың серігі болған бұл аспаптарды әр қазақтың төріне ілу.
Айта кету керек, Бақыт Кеңшілікұлы аспаптардан бөлек, ұлттық нақышта кәдесыйлар жасайды. Бір ерекшелігі бұйымдарды басқаларға ұқсамайтындай тек шығыс өңіріне тән қылып жасайды екен. Өзіндік қолтаңбасы бар бұйымдарының бірі "Тарихнама", "Ана толғау" деп аталады.