Мәдени айнасы
Пресс-релиз

«Хан Сұлтан. Алтын Орда» премьерасы Қазанда өтті

«Хан Сұлтан. Алтын Орда» премьерасы Қазанда өтті

Қазан қаласындағы  Мұса Жәлел атындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы аншлагпен өтті, деп хабарлайды KazFace.kz тілшісі.

Қойылым Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының гастрольдік бағдарламасы аясында және Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай ұсынылды.

Опера Алтын Орданың құрылу кезеңін суреттейді. Негізгі кейіпкер — Жошы ханның жұбайы, Берке ханның анасы Хан Сұлтан. Ол ақыл-парасатымен, саяси көрегендігімен тарихта ерекше орын алған.

Басты партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлзат Дәуірбаева, Болат Бүкенов, сондай-ақ Оксана Давыденко, Мақсат Саматов, Евгений Шагаров орындады. Қоюшы-дирижер — Нұржан Байбусинов.

Қойылым классикалық опера жанрында жазылғанымен, заманауи технологиялар қолданылып, бейнемазмұн мен ерекше сахналық шешімдер көрерменге жаңа әсер сыйлады. Режиссер — әлемге әйгілі Давиде Ливерморе (Италия).

250-ден астам әртіс пен техникалық мамандар қатысқан қойылымға арнайы 16 тонна бірегей декорация мен костюмдер жеткізілді.

Премьераға билеттер алдын ала түгел сатылып, қазақ өнерпаздарының қойылымы қазандық көрерменді ерекше әсерге бөледі.