Мәдени айнасы

Балқашта зейнеткер өз подъезін өнер туындысына айналдырды

Балқашта зейнеткер өз подъезін өнер туындысына айналдырды

Балқаш қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің бір подъезі бүгінде әлеуметтік желілердің нағыз жұлдызына айналған. Себебі бұл үйдің кіреберісі кәдімгі бетон қабырға емес  нағыз көркем мозаика! Оның авторы  жергілікті тұрғын, зейнеткер, байытушы фабриканың ардагері Юрий Воробьёв, деп хабарлайды KazFace.kz тілшісі. 

Ол 60–80 жылдары салынған қарапайым тұрғын үйдің сұрқай подъезін түрлі түсті пластик қақпақтармен безендіріп, жұрт тамсанатын ерекше арт-нысанға айналдырған. Зейнеткерге қақпақтарды жинауға  таныстары мен көршілері және жақындары көмектеседі екен.

Қиялы жүйрік қария пластик пробкалардан мысық, қоян, тотықұс сынды жануарлар бейнесін, гүлдер мен түрлі өрнектерді мозаика түрінде құрап шығарған. Мұндай өнер туындыларына қарап тұрып, кәдімгі тұрмыстық қалдықтың осыншама әсем дүниеге айналатынына таңданбай қою мүмкін емес!

Бұл бастама экологиялық тұрғыдан да құнды. Өйткені, ол тұрмыстық қалдықты тиімді қолданудың үлгісін көрсетіп отыр. Бұл – қалдықты пайдаға жарату мен сұлулықты қатар үйлестірген шебердің шынайы еңбегі.