Мемлекет басшысы Сенатты таратуды ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сенатты таратып, бірпалаталы құрылымға көшу мәселесін көтерді, деп хабарлайды KazFace.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл мәселені жан-жақты талқылауға кемінде бір жыл уақыт қажет. Осыдан кейін, 2027 жылы Конституцияға өзгерістер енгізу үшін жалпыұлттық референдум өткізуге болады.
"Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз. Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын" деді ол.
Тоқаев қазіргі мәжіліс мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс істей беретінін, ал сенаттың референдум нәтижесіне қарай тарайтыны я тарамайтыны белгілі болатынын айтты.
Егер шешім қабылданса, жаңа парламент толықтай партиялық сипатта болады. Яғни барлық депутаттар тек партиялық тізімдер бойынша сайланады, мажоритарлық жүйе алынып тасталады. Еске сала кетейік, қазіргі VIII шақырылымдағы мәжілісте 29 бірмандатты депутат жұмыс істеп отыр.