Астанада ЛРТ-ның жүргізушісіз режимдегі сынақтары басталды

29 қыркүйектен бастап Астанада жеңіл рельсті транспорт (ЛРТ) жүйесі сынақтық режимде іске қосылды. Құрамдар толықтай жүргізушісіз қозғалып, мамандар қауіпсіздік пен инфрақұрылымның жұмысын тексеруде, деп хабарлайды KazFace.kz
Бұл кезең кемінде алты айға созылып, жүйенің толық іске қосылуы 2026 жылға жоспарланған.
Алғашқы кезеңде пойыздар №112–№113 станциялары арасында сағатына 10 км жылдамдықпен жүреді. Кейін жылдамдық пен бағыттар кеңейтіледі. Екінші кезеңде радиобайланыс, сигнал беру, платформалық есіктер мен электр жүйелері сыналады.
ЛРТ заманауи GoA4 автоматтандырылған жүйесімен жабдықталған. Бұл – пойыздың қозғалысын, аялдауын және депоға кіруін операторсыз басқаратын ең жоғары деңгейлі технология. Мұндай жүйе бүгінде Сингапур, Дубай және Қытайда қолданыста.
«Қазақстан үшін бұл – жаңа қадам. Біз өз жауапкершілігімізді түсінеміз және осы жобаның бір бөлігі болғанымызға мақтанамыз», – деді CTS басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев.
Жүйені сынақтан өткізу кезінде эстакадаға кіруге тыйым салынған, себебі желіде 750 вольттық жоғары кернеу бар. ЛРТ жолаушыларды 2026 жылдың көктем-жаз айларында тасымалдауды бастайды деп күтілуде.