Түркияда орман өртінен 50 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Соңғы бес күн ішінде Түркияда 342 орман өрті тіркеліп, оның алтауы әлі күнге дейін сөндірілген жоқ. Ел билігі жағдайды бақылауға алу үшін шұғыл шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлайды KazFace.kz.
Өрт салдарынан 50 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Билік өкілдерінің хабарлауынша, қасақана өрт қойған болуы мүмкін деген күдікпен 30-ға жуық адам ұсталған. Тергеу жұмыстары жалғасуда.
Ең күрделі ахуал Маниса, Измир және Хатай провинцияларында байқалады. Бұл аймақтарда орманды алқаптар көп орналасқан және желдің күшеюіне байланысты өрттің таралу қаупі жоғары болып отыр.
Сонымен қатар, Түркияның ақпарат құралдары танымал туристік аймақтарға қауіп төніп тұрмағанын хабарлады. Демалыс орындарына келушілер мен қонақтардың өміріне ешқандай қауіп жоқ екенін жергілікті билік растап отыр.
Төтенше жағдай қызметтері мен өрт сөндірушілер апатпен күн-түн демей күресіп жатыр. Түркия билігі азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға және орман алқаптарына бармауға шақырды.