Қорғалжын қорығы өртке оранды

Ақмола облысындағы Қорғалжын қорығы аумағында өрт шықты, деп хабарлайды KazFace.kz Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Өрт ошағы Шалқар ауылынан 25 шақырым жердегі Сарыкөл көлі аумағындағы аралдағы қамыстың өртенуінен бастау алған. Аумақ сулы-батпақты болуына байланысты техникалардың кіруіне қиындық тудыруда.
- Батпақ, екпінді жел және техника жүретін жолдың жоқтығы өртті сөндіруге біраз қиындықтар келтіруде. Осыған байланысты Целиноград ауданынан қосымша күштер тартылмақшы, - деді ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығы Нұрлан Күлбаев.
Сондай-ақ, 15 м/с-қа дейінгі қатты жел де өрттің одан сайын өршуіне ықпал етуде. Сол себепті сөндіру жұмыстары әуеден жүзеге асырылуда. Өрттің таралуына жол бермеу үшін жердегі күштер және құралдармен қарауылдау жүргізілуде. Елді мекендерге әзірге қауіп жоқ.
- Өртті сөндіру жер үсті және ауа құралдарымен жүзеге асырылып жатыр. Өртті «Қазвиаспас» АҚ МИ-8 тікұшағы сөндіріп жатыр. Тікұшақпен жалпы көлемі 156 тонна 52 су ағызу жүзеге асырылды. Сондай-ақ, өртті сөндіруге жергілікті МҰТП 27 адам және 11 бірлік техника, Департаменттен 12 адам және 3 бірлік техника, 2 бірлік жүзу құралдары және Астана қаласы ТЖД 1 бірлік техникасы жұмылдырылған, - деді Ақмола облыстық ТЖД.
Айта кету керек, 14 маусым күні басталған өрт әлі өршіп тұр. Қазіргі таңда аумағы 130 га құрайды.
Қорғалжын қорығы - еліміздегі ең ірі қорық. Ал әлемге қоқиқаздарымен әйгілі. Қорықтың жалпы көлемі 259,9 мың гектар болса, оның 198 мың гектары акваторий саналады. Қорық аумағында Теңіз және Қорғалжын көлі бар. Ол жерде сирек кездесетін құстар мен су қоректілер мекендейді.
Еске сала кетейік, Қорғалжындағы өрт елімізде осы айда орын алған екінші ірі табиғи апат. Бірер күн бұрын ғана Абай облысындағы Семей орманындағы өрт ауыздықталған еді.