Билік

"Мен тері өнімдерін кимеймін, ет жемеймін"- Экология министрі

"Мен тері өнімдерін кимеймін, ет жемеймін"- Экология министрі

Жуырда Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалған Зульфия Сүлейменова туралы тың деректер әлеуметтік желіде таралуда. 

Бір жыл бұрын "Хабар 24" телеарнасына берген сұхбатында министр өзінің табиғатқа, аң-жануарларға залалы тиетін дүниелерге жоламайтынын айтқан.

Мен тері өнімдерін кимеймін, ет жемеймін. Жануарларға адамгершілікпен қарау адамнан – өзімізден басталуы керек деп есептеймін. Жануарларға сыналған косметиканы қолданбаймын, зообақтарға, дельфинарийлерге бармаймын. Бұл – менің жеке шешімім - деген екен сонда Зульфия Сүлейменова.

Жалпы бұл шешіміне Жапониядағы оқуы оң әсер еткен көрінеді.

Айта кетейік, Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы 25 ақпанда Ақтөбе облысында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген.

Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінен «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратураны бітірген. «Қауіпсіздік және халықаралық зерттеулер» бағдарламасы бойынша Жопанияның Ұлттық саяси зерттеулер институтында PhD доктор дәрежесін алған. Президенттік жастар кадрлық резервінің резервшісі.

Еңбек жолын 2014 жылы Жаһандық саясат және қауіпсіздік орталығы Өңірлік және жаһандық қауіпсіздік бөлімінің ғылыми қызметкері лауазымынан бастады.

2020 жылғы қаңтардан бастап 2021 жылғы қаңтарға дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық саясат және тұрақты даму, Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменттерінде директордың орынбасары лауазымдарын атқарған.

2021 жылғы қаңтардан 2022 жылғы наурыз аралығында Мәжіліс депутаты болды.

2022 жылғы наурыздан бастап осы күнге дейін Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі.