Қоғам

Ақмолада үздік он кәсіпкер анықталды

Ақмолада үздік он кәсіпкер анықталды

Көкшетауда «Бір ауыл — бір өнім» жобасының жартылай финалистері анықталды, деп хабарлайды Kazface.kz


Көкшетауда өткен «Бір ауыл — бір өнім» жобасының өңірлік көрмесіне Ақмола облысының қалалары мен аудандарынан 50-ге жуық кәсіпкер қатысты. Нәтижесінде 10 жартылай финалист анықталды.


 

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты.


Жоба жергілікті өнімдер мен қызметтерді дамытуға, ауыл кәсіпкерлерін қолдауға және жаңа кәсіпкерлік бірлестіктер құруға бағытталған. Көрмеде нан-тоқаш, сүт-ет өнімдері, қолөнер сабындары, крафт ірімшіктер, зергерлік және тоқыма бұйымдары ұсынылды.


Қосшы қаласынан келген шебер Әлия Қалиасқарова киізден жасалған сырмақтарын таныстырса, көкшетаулық кәсіпкер Гүлжан Нұрушева ұлттық тәттілер қосылған шоколадымен көзге түсті. Ақкөл ауданынан келген Андрей Гордиенко 25 түрлі сүт өнімін ұсынды.


Үздік жобаларды «Атамекен» ҰКП мен өңірлік кәсіпкерлер палатасы бағалады. Жартылай финалистер алда бренд комитеті алдында өз жобаларын қорғайды. Үздік үш жоба республикалық көрмеге қатысып, 5 миллион теңгеге дейінгі грантты жеңіп алу мүмкіндігіне ие болады.

 

Жоба өңірлік кәсіпкерлікті дамытуға және ауылдағы өндірісті қолдауға серпін бермек.