Мәдени айнасы

Дала билерінің ұрпағы

Дала билерінің ұрпағы

 

 

 

 


Өткен жылы әлемге әйгілі Федор Никифорович Плеваконың туғанына 180 жыл толды. Осы орайда көптеген тарихшылар зерттеулер жүргізіп, оның тегін егжей-тегжей зерттеді. Атақты қорғаушының анасы қазақ екенін көпшілігі жарыса жаза бастады.

Алайда Федор Никифоровичтің Ұлы қазақ даласымен байланысы тек қанмен шектеле ме? Жалпы, Плеваконың өмірінде қазақ тегі қандай рөл атқарды? Осы және өзге де сұраққа KazFase.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

Федор Никифоровичтің өмірбаянын азды-көпті білетіндер, оның анасының шығу тегі қазақ екенін біледі. Бірақ есімі неге Екатерина және ол неге шоқынған екенін көбі біле бермейді. Көпшіліктің пайымдауынша қазақ қызы славян жігітіне ғашық болды. Олар ата-аналарының еркінен тыс үйленді. Нәтижесінде қазақ қызы православие дінін қабылдап, атын өзгертті деп махаббат хикаясына балайды. Мұндай жағдайлар сол заманда жиі кездесетін. Бірақ, Екатерина Степановнаның тағдыры мүлдем басқаша еді. Тіпті, одан да қайғылы...

Өлмес (Өлмесек) – «Өлмейтін»

Заң ғылымдарының докторы, профессор Василий Смолярчук өткен ғасырдың ортасында ең танымал ресейлік адвокаттардың өмірбаянын зерттеп, олар туралы кітап жаза бастаған. Ол Федор Плевако туралы тың мәліметтер жинақтап, тіпті анасы Екатеринамен сұхбаттасқан.

Өзінің шығу тегі туралы анасы: «-Біз кең далада киіз үйде тұрдық. Троицкіге жақын маңда өмір сүрдік. Ата-анам бай-қуатты адамдар болды. Үйімізде қылыш, мылтық, бағалы киімдер ілулі тұратыны есімде. Мен жүн төсекте ұйқтап, үлде мен бүлдеге бөленген едім. Шамамен ХІХ ғасырдың 20-шы жылдары 5-6 жаста болғанымда ауылымызға бөтен біреулер шабуыл жасайды. Сонда біз түн жамылып қашып бара жатқан кезде арбадан құлап, ата-анамнан көз жазып қалдым. Екі түн қамыстар арасында нәр татпай жүріп, Троицке қарай шықтым. Өзеннің жағасынан үйлерді көріп жылап жібердім. Сонда бір әйел мені байқап қалып, бауырына басты. Менің құтқарушым Троиц кедені бастығының үйінде аспазшы екен» деп еске алады.

Фото: Ресей мемлекеттік қоғамдық тарихи кітапханасының мұрағатынан

Қостанайлық өлкетанушы Амандық Әмірхамзиннің жазбасында Өлмесек туралы былай делінген: «Оның отбасы Қостанай маңындағы қырғыз (қазақ) ауылында тұрды. Ресми түрде тұрғылықты жері Торғай облысы Қостанай уезінің Шұбар болысының № 7 ауылы деп аталды. Оның әкесі Алдар белгілі бай және батыр болған. Қарттардың айтуынша, Алдар түнгі шабуыл кезінде қашып бара жатқанда арбадан қызы Өлмесек құлаған. Алдардың алғашқы балалары бәрі шетіней берген соң, қызының атын ырымдап Өлмесек – «Өлмейтін» деген мағынада қойыпты».

Фото: Владимир Иванович Зачовинскийдің коллекциясынан

Сондай-ақ, тарихшының пікірінше, Өлмесекті Алма деп те атаған. Шамасы, қайғылы оқиғадан кейін славян отбасы қазақ қызын асырап алған кезде шоқындыруға дейін солай атаған.

Қалмақ типтегі тұлға

Троицк - Қазақстан мен Ресейдің қазіргі шекарасына іргелес қала. 1743 жылы құрылғанға дейін Қыпшақ (Орта жүз) руынан шыққан қазақтар сол аймақтарға көшіп келген. 19 ғасырдың ортасына қарай 13 мың халқы бар бұл уездік қала Оңтүстік Оралдың мәдени орталықтарының біріне айналды. Дәл осы жерде болашақ әйгілі адвокат дүниеге келеді.

Барлық энциклопедияларда Плевако 1842 жылы 13 сәуірде Троицк қаласында дүниеге келген делінген. Революцияға дейінгі заңгер ғалым А.Конидің «Сот реформасының әкелері мен балалары» кітабында оның сыртқы келбеті сөз етіледі. Ғалым оны «Қалмақ типтегі тұлға» деп атаған. Жалпы ұзақ уақытқа дейін зерттеушілер адвокаттың этникалық шығу тегін нақты білмеген. Оны «Литвин мен қалмақ" немесе "поляк пен башқұрт" ұлы деп санап, тіпті ұлты мордвин екенін жазған. Кейін Федор өзінің естеліктерінде әкесі Литваның дворяндық отбасынан шыққанын жазады. Оның айтуынша, әкесі 1832 жылы Василий Плевако Троиц қаласының кедендік қызметіне келеді.

Некесіз туылған

Троицке қызмет бабымен келген еуропалық Василий кеден басшысының орынбасары болады. Бұл сол кезде беделді лауазымдардың бірі. Ол зәулім үйде, күтушілер ұстап жақсы тұрған деседі. Кейбір зерттеушілер 17 жасар Екатеринаны асырап алған отбасы 30 жасар Василийге күндікке берді дейді. Кейін араларында сезім пайда болып, екеуі отбасылы болыпты. Бірақ белгісіз себептермен некелері заңды түрде қиылмаған. Осы туралы Плевако өз естеліктерінде былай дейді: «Біздің әкеміз өте қамқор адам болды. Балалары үшін бәріне даяр еді. Бірақ мен көп нәрсені түсінбедім. Ол анама үйленбеді. Соның кесірінен бізді қоғам шеттететін. Ресей империясының сол кездегі заңдары қиын еді..».

Василийдің қазақ қызына не себепті үйленбеуі белгісіз. Көптеген қауөсектерде ол Екатеринаның жұмсақ мінезін, жетім өскендігін пайдаланды деседі. Тіпті, Федор Никифоровичтің өзі кейіннен былай деп жазды: «Менің әкем анама әйел ретінде емес, ыңғайлы қызметші ретінде қарады. Анам оның бар жағдайын жасап, мейірімділікпен қызмет етті».

Ал, тағы бір нұсқада Василий өзінің күтушісімен жасырын түрде қарым-қатынаста болған. Алғаш балалары некесіз дүниеге келгенде елдің мазағына, сөзіне қаламыз деп Екатерина шақалақты суға ағызып жібермекші болған. Осы кезде Василий балаларын үйіндегі жұмысшысы Никифораның атына жазған. Федор Плеваконың әкесінің аты Василий емес, Никифорович болып жазылуы сол себепті.

Осыдан біз Екатеринаның бойынан ерді бір саты жоғары қойатын қазақ қызына тән биязы мінезді байқаймыз. Қаншама қиыншылықты басынан өткерсе де, қайсар мінезімен төзімділік танытқан. Отбасылық өмірі тәтті болмаса да, 5 баланы дүниеге әкелген. Десе де, күйзелістің салдарынан 2 баласы шетінеп кеткен екен.

Плеваконың мықтылығы қазақтан

1851 жылы Плевако отбасы Мәскеуге қоныс аударады. Сондағы мақсат балаларына сапалы білім беру. Бұл кезде Василий жұмысынан зейнетке шыққан. Әбден қоғамнан шеттетіліп, қорлық көрген балаларын енді асырап алуға тырысады. Өз атына жазып, некесін заңдастырмақшы болады. Бірақ қолынан келмейді. Сонда осыншама уақыт некесін қимауы абыройына нұқсан келмеуі үшін бе деген сұрақ туындайды?

Ол өзінің қателігін түсінгендей Мәскеудегі бірінші гимназияға ақша беріп жүріп, екі ұлын беделді білім ордасына оқуға кіргізеді. Федор мен Дормидонт алғырлық танытып, үздіктер қатарынан көрінеді. Біраз уақыттан кейін олардың некесіз туылғандарын сылтауратып, мектептен қуып шығады.

Мектеп туралы естелігінде Федор былай деп жазады: «Бұл мектеп біздің жетістіктерімізбен мақтанып, математикадан ерекше қабілетімізді мойындады. Құрмет тақтасына шығарды. Бірақ айналып келгенде бізді гимназияда оқуға лайықсыз деп таныды. Оларды, әрине, Құдай кешсін. Бірақ олар не істегендерін білмейді. Адамның өміріне балта шапты...».

Ф. Плеваконың гимназияда оқыған кезі. Фото: Ресей мемлекеттік қоғамдық тарихи кітапханасының мұрағатынан

Бұл жайт отбасы үшін өте ауыр тиді. 1853 жылы Василий қайтыс болады. Үлкен қалада кәмелетке толмаған үш баламен Екатерина жесір қалса да, қайсар әйел қиындыққа төтеп берді. Ол хат танымаса да, өзін сауатсыз демей Василийдің қолынан келмеген үлкен істі тындырды. Күйеуі қайтыс болған соң, Плевако тегін өзіне және балаларына беруін сұрап Сенатқа жүгінеді. 1855 жылы дегеніне жетіп, некесін заңдастырып Плевако тегін алады.

Бұл туралы архив құжаттарында былай делінген: «1855 жылы 13 маусымда Сенат ұйғарымына сәйкес, Екатерина Степановна Плевако тегімен аталуға рұқсат етілді». Осылайша, отбасы талай жылғы қорлықтан құтылады.

Балаларына сапалы білім беру үшін жанталасқан әйел, Поливанов гимназиясына ұлдарын қайта береді. Білім ордасын олар алтын медальға бітіреді. Бірақ көп ұзамай Екатерина ұлы Дормидонттан айырылып қалады. Күйеуі мен ұлының қазасы оған ауыр тиеді. Соған қарамастан, жалғыз ұлы Федордың адвокат болу арманын орындау үшін барлық күшін салады. Мәскеу Императорлық университетінің Заң факультетіне ұлын түсіреді. Жоғарғы оқу орнын Федор Плевак тегімен тәмамдайды. Көптеген орыс зерттеушілері осы тұста адвокаттың өз тегін қалай алғаны туралы бүгіп қалады. Себебі, орыстың әйгілі адвокатының артында қазақ қызының еңбегі жатқанын жазбайды. Түрлі сылтаулармен тарихты бұрмалап береді.

Қазаққа жаны жақын Плевако

Федор Плевако орақ тілді, кемел ақылдың иесі болған. Шешендігін пір тұтқан орыстар оны заң саласының Пушкиніне теңеген. Қызмет барысында Плевако қазақтарға көп қайырым жасаған. Олардың құқықтарын қорғауға белсене атсалысқан. Қыр адамдарының талай мәселелерін тегін шешіп берген.

Соның бір көрінісі 1903 жылы астық сарайларын әдейі өртеп жіберді деп айыпталған Исмаил Жаманшалов пен оның ағасы Жүсіптің ісіне араласып, ақтап шыққандығы. Тағы Торғайдағы жәрмеңкеде орыстың солдаттарымен бір топ қазақ жігіттері соқтығысып қалған жағдайға бей-жай қарамай, оларды ақтап шығуға ат салысуы. Сол кезде ол қазақтың Аманкелді Има­нов, Хакімбек Төкеұлы, Әбен Нұрмағанбет, Сейдахмет Байсейітұлы және Бұзаубақтың Табайы сияқты белді азаматтарын түрмеден босатады. Сонымен қоса, Ресей империясының отарлау саясатына қарсы шыққан Смағұл Төкеұлына қолдау білдіріп, көмек қолын созған.

Федор Плевако 1905 жылы бірінші орыс революциясы басталған кезде қоғамдық-саяси өмірден тыс қалмады. Алдымен ол Конституциялық демократтардың (кадеттердің) партияға кіруі туралы келіссөздер жүргізді. «Алаш» партиясының қайраткері Әлихан Бөкейхановпен кездесіп, сол кезде кадет партиясының құрылуына белсенді қатысты. Кейін Плевако октябристер партиясына қосылады. Ол Ресей империясының құрылымын өзгерту керек екенін батыл айтады. Шенеуніктердің озбырлығынан қаншама қарапайым халық жапа шегіп отырғанын көрсетеді. Бірақ ол 1917 жылғы шешуші саяси шайқастарға дейін жете алмады. Егер Плевако сол уақытқа дейін өмір сүрген болса, қоғамдық-саяси өмірдің ағымын басқа бағытқа бұрар ма еді?

Қазақтың жиені Федор Плевако адвокатураның алтын ғасырының көрнекті өкілі. Оның есімі Ресейде адвокаттық қызметтің символына айналған. Көрнекті ғалымдар, ақын-жазушылар шешендік сөйлеуі, ойлау қабілетіне ерекше таңданып, бірінен соң бірі жарыса жазған. Осы орайда, дарынды ділмарға шешендік өнер нағашы жұртынан дарыған ба дейсің?! Анасы Екатерина текті жерден шыққанына қарағанда, Плеваконың арғы аталары дала билері болуы әбден мүмкін...

Авторы: Жадыра МАЖИБАЕВА