Теннисші Заңғар Нұрланұлы ширек финалға шықты

17 жастағы қазақстандық теннисші челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды KazFace.kz.
Елордада өтіп жатқан президент кубогы аясындағы теннис турнирінде 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы алғашқы ірі жетістігіне қол жеткізді. Ол словакиялық Михал Крайчимен бірге поляк Олаф Печковски мен үндістандық Сингх Каранды 6:4, 6:1 есебімен жеңіп, челленджер турниріндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Қазақстандық-словакиялық жұп енді жартылай финал үшін жапониялық Тайсей Ишикава – Кокоро Исомура дуэтімен кездеседі.
Тағы бір қазақстандық Григорий Ломакин аустралиялық Эдвард Уинтермен бірге ширек финалға өтті. Олар таилық Максимус Джонс пен грузиялық Саба Пурцеладзені 6:3, 7:6 (7:1) есебімен ұтты. Келесі кезеңде Ломакин – Уинтер жұбы жапониялық Кусухара – Накагавамен кездеседі.