Жаңалықтар

Италияда қазақстандық жас ғалым қайтыс болды

Италияда қазақстандық жас ғалым қайтыс болды

Қазақстандық студент Әсем Жарбосынды Италияда көлік қағып, қайтыс болды, деп хабарлайды Қазақстанның сыртқы істер министрлігі.

Италияның жергіліктің басылымының мәліметінше, 17 қаңтарда Салерно қаласының орталығында адам өліміне әкелген жол апаты болған. Верди театрының жанында 20 жастағы Peugeot 308 жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Әсем алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды.

- Қазір марқұмның мәйітін Қазақстанға жеткізу үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. Жақындарымен тығыз байланыстамыз, – деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. 

Әсем Жарбосын Назарбаев университетінің 2020 жылғы химия және материалдар инженериясы магистратура бағдарламасының түлегі. 2021 жылы ол Италиядағы Салерно университетінің докторантурасына түсіп, Еуропаның тағы бес беделді университеті мен бес жетекші өнеркәсіптік компания қатысатын TUSAIL жобасының стипендиясының иегері болды. Бұл стипендияға Назарбаев университетінің магистратурасында оқып жүрген кезіндегі алғашқы зерттеулерінің нәтижелері үшін ие болды. Powder Technology ғылыми топ құрамында Әсем Вороной тесселляциясын қолдана отырып, кеуекті электродтардың бұралу қабілетін зерттеді. Сонымен қатар, кең математикалық деректермен жұмыс істеді. Аз уақыт ішінде халықаралық журналдарда бірнеше ғылыми мақалалар жариялады. 2019 жылы Жапонияда өткен Токио халықаралық конференциясында ғылыми жобасын ұсынып, студенттік жобалар байқауында жеңіске жеткен. 

Марқұм Әсемнің әріптестері оның ғылымға құмар, әлемге пайдалы зат ойлап табуды армандаған, ақкөңіл, ашық-жарқын бойжеткен ретінде еске алды.

- Әсем - нәзік әрі ұялшақ, ерекше сұлу, сонымен бірге өте ақылды және талантты қыз болды. Дарынды балаларға арналған мектепте оқып, домбырада керемет ойнады. Әр ата-ана осындай баланы армандайды. Менімен бірге Әсем Еуразия ұлттық университетінің бакалавриатында бірге оқыды. Әсем зерттеу жұмыстарында өте тиянақты болды, оның зертханалық жазбалары көркем туындыға ұқсайтын, – дейді National Laboratory Astana-ның жетекші ғылыми қызметкері Әлия Мұқанова.

Болашағынан көп үміт күттірген жас ғалымның қыршыннан үзілген ғұмыры желі қолданушыларының назарынан тыс қалмады. Олар марқұмның жақындарына қайғыра көңіл айтуда.