Гвардей гарнизонында сарбаз қаза тапты

17 қыркүйекте Гвардей гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді әскери қызметшінің мәйіті табылды, деп хабарлайды KazFace.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл туралы Қарулы Күштердің Құрлық әскерлері баспасөз қызметі хабарлады.
«Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысының тапсырмасымен барлық мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия жіберілді», – делінген ресми хабарламада. Сонымен қатар, қаза болған сарбаздың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтылып, отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетіні атап өтілді.
Айта кету керек, марқұм сарбаз егіз болған. Оның қазасы туралы әлеуметтік желіде апасы жазды. Қыздың айтуынша, былтыр күзде әскерге оның інісі Даниял Шынарбек шақырылса, биыл көктемде оның егізі Дінмұхамед Шынарбек әскери қызметке аттанған. Олар әуелі Отарда бірге қызмет еткен.
«Бірақ ант қабылдағаннан кейін Дінмұхамедті ағасынан бөліп, Матыбұлақтағы 01098 әскери бөліміне ауыстырды. Ал егіздерді бөлуге болмайды ғой. Дәл сол жерде қайғылы жағдай орын алды. Бүгін Дінмұхамед Шынарбек Талғатұлы асылып қалғаны туралы хабар жетті. 29 тамызда ғана 19 жасқа толған еді. Еңбекқор, мейірімді, болашаққа жоспар құрған жігіт болатын... Біз бұл жағдайды суицид деп қабылдай алмаймыз», – деп жазды Енлік Калтаева.
Еске сала кетейік, 01098 әскери бөлімі Алматы облысы Жамбыл ауданы Матыбұлақ ауылында орналасқан.