Жаңалықтар

Бурабай ұлттық паркінде жануарларға қысқы жем-шөп әзірленді

Бурабай ұлттық паркінде жануарларға қысқы  жем-шөп әзірленді

Қар қалың түскен қыс мезгілінде жабайы аңдардың қорек табуы қиындайды. Осыған байланысты «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жануарларға арналған азық дайындау жұмыстары дәстүрге айналған, деп хабарлайды KazFace.kz.

Осы жылы  парктің қызметкерлері 450 тоннадан астам шөп, 250 тоннадан артық дәнді дақылдардан жасалған жем, 108 тонна жапырақты азық және 19 тонна тұз дайындады. Сонымен қатар 137 мың дана бұтақты сыпырғыш әзірленіп, 26 жаңа оттық орнатылды.

Бүгінде парк аумағында 1472 аскания бұғысы, 1429 елік, 696 қабан, 141 бұлан және Қызыл кітапқа енген 55 сілеусін мен 38 қасқыр мекендейді. Қысқы қоректендіру олардың популяциясын сақтауға, денсаулығын нығайтуға және биоалуантүрлілікті қорғауға зор үлес қосады.

Мамандардың айтуынша, тұрақты биотехникалық шаралар арқасында жануарлар қатаң қысты аман еңсеріп, «Қазақстанның інжу-маржаны» саналатын Бурабай экожүйесінің табиғи тепе-теңдігі сақталады.