Жаңалықтар

Банк қызметкерлерінен құралған қылмыстық топ ұсталды

Банк қызметкерлерінен құралған қылмыстық топ ұсталды

Қазақстанда соңғы бес жыл ішінде азаматтардың атынан заңсыз несие рәсімдеп келген ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды, деп хабарлайды KazFace.kz.

Олар барлығы 348 адамды алдап соғып, ірі көлемде қаражат жымқырған. Ақмола облысының прокуратурасы таратқан мәліметке сәйкес, қылмыстық топтың құрамында еліміздің түрлі өңірінен келген 25 адам болған. Олардың арасында Kaspi Bank, Forte Bank, «Еуразиялық банк» және Jusan bank қызметкерлері де бар.

Жәбірленушілер негізінен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар болған. Қылмыстық топ мүшелері олардың атына қомақты несиелер рәсімдеп, ұрланған қаражатқа Алматы қаласынан пәтерлер мен жер телімдерін, сондай-ақ қымбат автокөліктер сатып алған.

Жалпы келтірілген шығын көлемі 3,7 млрд теңгені (шамамен 6,8 млн АҚШ доллары) құрайды. Тергеу барысында 2,7 млрд теңге (шамамен 5 млн доллар) көлеміндегі мүлік тәркіленген.

Қазіргі таңда ұйымдасқан топтың барлық мүшесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс бойынша тергеу жалғасуда.