Ақмола облысында 35 ауыл алкогольден бас тартқан

Балауса ЖАҚСЫБАЙ
Ақмола облысында 35 ауыл алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан өз еріктерімен бас тартты. Бұл бастама ауыл ақсақалдары мен тұрғындарының ұсынысымен жүзеге асқан, деп хабарлайды KazFace.kz.
Сандықтау ауданына қарасты Қызыл Поляна ауылында спирттік ішімдіктерге тыйым салу шамамен 20 жыл бұрын енгізілген. Сол кезде ауылдың беделді қариялары мұндай шешім қабылдап, тұрғындар бұл бастаманы қолдап, салауатты өмір салтын ұстануға бет бұрған. Ауыл тұрғынының айтуынша, осының арқасында бүгінге дейін бұл елді мекенде ешқандай қылмыс тіркелмеген.
«Жастар үлкендерді тыңдайды, тентектікке бармайды. Біздегі учаскелік инспектор күндіз-түні кез келген мәселемен ақсақалдарға жүгіне алады. Мысалы, жасөспірімдердің тәртібі немесе мал жайылымына қатысты проблемалар болса, бірге шешеміз», - дейді ауыл тұрғыны.
Облыс көлемінде соңғы екі жылда жүзеге асып жатқан «Зиялы қауым» жобасы аясында 140 ауылда қоғамдық кеңестер құрылып, олар жергілікті полиция және ауыл шаруашылығы құрылымдарымен бірлесе жұмыс атқаруда. Бұл бастама құқықбұзушылықтың алдын алуда тиімді тәсілге айналған.
Бүгінде ауылдардың қауіпсіздігін нығайтуға ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары да өз үлесін қосып отыр. 18 елді мекенде 1250-ге жуық бейнебақылау камерасы орнатылып, құқықбұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізуде. Полиция департаментінің мәліметінше, соңғы екі жылда облыстағы 98 ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
Айта кетейік, мұндай бастамалар тек Ақмола өңірімен шектелмейді. Солтүстік Қазақстан облысында 13, Батыс Қазақстанда 33, Атырау облысында 53, ал Қызылорда өңірінде 18 ауыл спирттік өнімдерді тұтынудан және сатудан өз еркімен бас тартқан. Түркістан облысында да бірқатар ауылдарға "алкогольсіз" мәртебе берілген.
Бұған қарап, қоғам белсенділігінің артуы мен жергілікті ынтымақтастықтың нәтижесінде ауылдарда қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау мүмкін екендігі айқын байқалады. Қоғамдастық белсенділігі мен жергілікті полициямен тығыз ынтымақтастықтың нәтижесінде ауылдарда қоғамдық тәртіп пен тыныштық қамтамасыз етіліп отыр.