"Біздің қатысымыз жоқ": проректор Бейсенбаев
Шымкенттегі М. Әуезов атындағы университетте орын алған олимпиада қатысушыларының жаппай улануына қатысты арнайы KazFace.kz - ке жоғары оқу орнының әкімшілігі мәлімдеме жасады.
Университеттің проректоры Садыбек Бейсенбаевтың айтуынша, олардың міндетінде олимпиадаға республиканың түкпір-түкпірінен келген оқушыларды жататын орынмен қамтамасыз ету болған.
Балаларды тамақтандыруға университеттің қатысы жоқ. Біз тек жатын орынмен қамтамасыз еттік. Тамақтандырумен арнайы ЖК "Нахаева" айналысқан. Тамақтану қызметтерін көрсету туралы шарт бізбен емес, осы ЖК "Нахаева" мен білім министрлігінің "Дарын" РНҚО арасында жасалды, - деді Садыбек Бейсенбаев.
Бүгінгі күні олимпиаданы ұйымдастырушылар азық-түлік жеткізушісін ауыстыру туралы шешім қабылдаған. Әзірге Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қызметі жағдайдың себептерін анықтап, жеке кәсіпкердің қызметін тексеруде.
Олимпиадаға балаларын жіберген ата-аналар болса, ұйымдастырушылар оқушылардың университетте емес, Дарынның IT мектебінде екенін және улану болмағанын айтып жатыр деп наразы.
Олар бізге уайымдамаңдар, балалар дін-аман, улану болған жоқ деді. Балалар IT мектепте, оларды жақсы тамақтандырады деді. Бірақ бүгін ата-аналар чатында балаларға қала бойынша экскурсия жасала ма деп сұрағанда, барлығын мектептен шығармай жатқанын айтты. Бұл жерде бір шикіліктің бары белгілі. Оқушылар университет қабырғасында уланып, ауырып жатыр, - дейді Альбина Махмутова есімді ата-ана.
Осы орайда, Премьер-министрдің кеңесшісі Бибігүл Асылова "Дарын" орталығы медицина қызметкерлері сияқты жауапты тұлғаларға қаражатты үнемдесе, бұндай олимпиадалар онлайн өту керек деп олимпиада ұйымдастырушыларын сынады.
Бір аймаққа республиканың әр облысынан 1000 оқушы жиналған, келесі апта тағы сонша оқушы келеді деп күтілуде. Жалпы іс-шара дұрыс ұйымдастырылмаған. Дарын оқушыларды қадағалайтын жауапты тұлғаларға үнемдеуді қою керек. Мәселен, медициналық қызметкерлерге. Осындай шараларды бюджеттің ақшасын шашпай, онлайн өткізуге болмай ма? Оқушылар жол жүріп келгенде олардың тамақтануына кім жауапты болады? Жалпы, осыншама оқушыны бір жерге жинау дұрыс емес, - деді Бибігүл Асылова.
Сонымен қоса, ол министрліктен жауапты тұлғалар енді ғана бұл аймаққа барғанын да сөкті. Оның айтуынша, олар әу бастан келген 1000 баланың қасынан табылуы керек болған.
Еске сала кетейік, 21 наурызда республикалық жаратылыстану-математика пәндері бойынша олимпиадаға келген оқушылар жаппай уланған. Бұл туралы алдыңғы материалдарда жазған болатынбыз.